Бүгін аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы мен халықты жұмыспен қамту орталығының ұйымдастыруымен жұмыс іздеуші жастарды ынталандыру мақсатында «Soft skills» семинар – тренингі өткізілді.

Тренингке аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының маманы С.Өмірзақов, аудандық білім беру бөлімінің заңгері Г.Қуанбаева, Сырым колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ж.Жоламанов, аудандық экономиака және қаржы бөлімінің бас маманы Е.Галимов және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының кеңесші мамандары қатысты. Алдымен халықты жұмыспен қамту орталығының маманы Сәбит Сайлауұлы жұмыс іздеуші жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін тегін кәсіптік оқу, кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған несие беру және жастар тәжірибесі арқылы жастарды жұмысқа орналастыру сынды айқын 3 бағыт бойынша түсінік берді. Сонымен қатар Елбасы жолдауында да көрсетілгендей, шағын және орта бизнесті дамытуға, жастарды кәсіпкерлікке бағыттау мақсатында «Бастау бизнес» жобасы қабылданған болатын. Аталған жоба аясында аудан тұрғындары бизнес жоспар құру, кәсіпкерлікті ашу сынды бағыттар бойынша оқып, сертификаттарға ие болған. Сырым колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Жалғас Тауфиқұлы өз сөзінде қазіргі таңда аудан көлемінде сұранысқа ие мамандықтарға оқыту жоспарланып жатырғандығын айта кетті.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасын терең түсіндіріп өтті. "Дипломмен ауылға"бағдарламасы арқылы мұғалімдер, медицина, мәдениет және өнер саласының мамандары бір жолғы көтерме жәрдемақы және тұрғын үй алуға немесе тұрғын үй құрылысы үшін бюджеттік несие ала алады. Білім беру бөлімінің заңгері Г.Қуанбаева білім беру саласы бойынша жұмысқа орналасу үшін арнайы конкурстан өтіп, тест тапсыру арқылы қабылдана алатындықтарын айтып өтті. Семинар жұмысына қатысқан жастар тарапынан кәсіп ашу үшін қандай құжаттар рәсімделетіндігі, қайта даярлау курстарынан өту үшін не істеу керек, қандай мамандықтар бойынша қайта даярлау мен қысқа мерзімді курстар бар деген секілді сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар қайтарылды. Семинар соңында қатысушы жастарға жұмыс іздеудің тиімді тәсілдері және бос жұмыс орындары туралы ақпарат жазылған жадынамалар таратылды.