Елбасының тапсырмасына сәйкес шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында ауылдық округтерде мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, мал шаруашылығымен айналысуға ден қойып келе жатырған жас кәсіпкерлер саны өсуде. Солардың бірі Құспанкөл елді мекенінің тұрғыны Гүлназ Тасболатова. Гүлназ ханымның сөзіне сүйенсек «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасымен танысып, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мамандарының көмегімен «Бастау Бизнес» жобасы аясында бірінші кезеңде, бір ай кәсіпкерлік негізінде оқып сертификаталған.

– Мал шаруашылығын дамыту – басты мақсатым. Атакәсібіміз – мал шаруашылығы болғандықтан мал өсіруді алға қойдым. Осы жылы тұрғын үйімді кепілге қойып, 2 миллион 900 мың теңге несие алдым. Осы қаржыға он бас ірі қара малын, қалған қаржыға жем-шөп сатып алдым. Алдағы қыстан мал басын аман алып шығып, көбейту қамындамын. Мұның бәрі - мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Армандаған, ойға алған жоспарлардың барлығын жүзеге асыруға елімізде жағдай жасалған. Қазіргі таңда ауылымызда көптеген отбасылар мал өсіріп, бордақылау жұмыстарын қолға алып дамыту үстінде деп айта аламын.

Бұл жұмыссыздықтың азаюына, кәсіпкерліктің дамуына ашылған даңғыл жол деп ойлаймын-дейді жас кәсіпкер.

Дамыған отыз елдің қатарына енуге қадам басқан Қазақстан кәсіпкерлікті дамытудың соны соқпақтарына із салуда десек артық айтқандық бола қоймас. Экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны на кәсіпкерлердің қосар үлестері бар десек артық айтқандығымыз емес. Осы жолда мемлекеттік бағдарлама арқылы несие алушылар қатары көбеюде. Несие рәсімдеушілердің дені жастар. Мұның өзі жас буынның ел экономикасына бей-жай қарамайтындығының белгісі десек қателеспейміз.