Бүгін ҚР Тәуелсіздігі күніне орай Қособа ауылдық округінің орталығында 200 орынға арналған су жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысанның салтанатты ашылуы рәсімін Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Сайран Дүйсенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сырым ауданының құрметті азаматы, әнші – композитор Донеділ Қажымов және ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла жүргізді.

Мәдениет үйінің салтанатты ашылуы рәсіміне Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев қатысты.

- Қасиетті Тәуелсіздік қазақстандықтардың өмірін тыныштықпен сәндеп қана қойған жоқ, ол қалаларды құлпыртты, ауылдарды ажарландырды. Бұл сөзімізге Қособа ауылдық округі анық дәлел бола алады. Округ санаулы жылдардың ішінде ең мықты игіліктерге кенелді. Қособа бүгінгі күні - көгілдір отын желісіне қосылған, жоғары жылдамдықтағы ұялы байланысты тұтынатын, білім ошақтары күрделі жөндеуден өткен, орталығы абаттанған округ. Осы ауылдың тумалары Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына іс жүзінде қолдау білдіріп, ауылдағы бірнеше спорттық, демалыс нысандарының салынуына ұйытқы болды. Бұл жақсылықтар санаулы жылдардың ішінде жүзеге асты. Бүгінгі қуаныштарыңыздың жөні бөлек! Жаңа мәдениет үйі құтты болсын! Жаңа нысан ауыл мәдениетінің көтерілуіне, өнердің дамуына қызмет етсін! – деді ол өзінің құттықтау сөзінде.

Айта кетейік, мәдени нысан өңір басшысы Алтай Көлгіновтың тікелей қолдауымен салынды. Ол үшін облыстық қазынадан 90 млн теңгенің үстінде қаражат жұмсалған. «Лидер» ЖШС серіктестігі құрылысты маусым айында бастап, межелі уақытында сапалы қылып тапсырды. Серіктестіктің директоры Алексей Бизянов округтің әкімі Жұмабай Сатаев пен қособалықтарға құрылыс жұмыстарына үлкен жанашырлықпен атсалысқаны үшін алғыс білдіріп отыр.

Мәдениет үйі 200 орындық көрермендер залы, заманауи үлгідегі сахна, гримм бөлмесінен тұрады. Аудандық бюджеттен 3 млн теңге қаржы бөлініп, нысан сахналық және техникалық жабдықтармен, көрнекіліктермен қамтамасыз етілді. 407 оқырманға қызмет көрсететін Қособа ауылдық кітапханасы да осы ғимаратта орналасқан.

Салтанатты ашылудан кейін мәдениет үйінде «Құтты мекен – Қособа!» мерекелік концерт өтті. Концертте әнші – композитор Донеділ Қажымов, Марат Халиоллин, Құдайберген Сұлтанияров, Сәлімжан Әубәкіров, Нұртілеу Болат секілді ауылдан шыққан көркемөнерпаздар өнер көрсетті.