Тәуелсіздік – тәуелсіздігімен, егемендігімен, тәуелсіз елі мен жері, тілі мен дінімен маңызды! Еліміз қалай болғанда да сан ғасырлық қиын қыстау жолдан, тар жол тайғақ кешуден өтті. Сондықтан Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Өз басым мемлекетіміздің тәуелсіздігі – халқымыздың бақыты деп санаймын.

Ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған қасиетті жерімізді ардақтап, қорғау әрбіріміздің парызымыз. Бұл орайда тәуелсіз елдің кез келген азаматы азаттықты бағалап жүр деп ойлаймын. Өз басым ұлы дала елінің кең байтақ жерінде туып, топырағында аунап өскеніме өте қуанамын. Қазіргі кезде өзге елдердің хал-ахуалын қарап, бейбіт елде ынтымағымыз бен бірлігіміз жарасып өмір сүріп жатқанымызға шүкіршілік етемін. 27 жыл тарих сахнасы үшін аз ғана уақыт болу мүмкін, ал біз осы жыл ішінде көпұлтты мемлекет бола тұра ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеттік. Бұл салиқалы саясаттың, дұрыс бағыт-бағдардың нәтижесінде келген еңбектің жемісі деп білемін.