Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын ауданымызда жүзеге асыру туралы жиын өтті. Аталған жиынға аудан басшысы Төлеген Төреғалиев, Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Абат Ашық, «IT GROUP»ЖШС директоры Михайл Дудниченков, коммерциялық директоры Андрей Токарев және бірқатар мекеме басшылары, ауыл әкімдері қатысты.

Жалпы алғанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы инфрақұрылымды дамытуға, адам капиталын жақсартуға, экономика саласын цифрландыруға және мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жетілдіруге бағытталады. Бағдарламаның 5 негізгі бағыты бар. Экономика салаларын цифрландыру, Цифрлық мемлекетке көшу, Цифрлық Жібек жолын іске асыру, Адами капиталды дамыту, Инновациялық экожүйені құру. 

Жиын барысында аудан әкімі аппаратының басшысы Е.Сарсенов, Батыс Қазақстан облысының ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының басшысы А.Ашық, "IT GROUP" ЖШС директоры М. Дудниченков, коммуналдық қызметтерге онлайн төлемдер жүргізу туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің бас маманы А.Нүрмұханов баяндама жасады.

Жиын соңында аудан әкімі Т.Төреғалиев негізгі цифрлық дағдылар бойынша халық арасында оқыту курстарын өткізу, қауіпсіз тұрғын үйлер, қауіпсіз мектеп жүйелерін, көшелерде бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету, «Smart Syrym» мобильді қосымшасының тиімділігін халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында түсіндіру жұмыстарын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы басымдықты күшейту мақсатында мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша тиісті тапсырмалар берді.