Бүгін аудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. Аудан тұрғындарымен мерекемен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтады.

Аудан әкімі өзінің сөзінде Сырым ауданының әлеуметтік – экономикалық даму ахуалына шолу жасады.

- Тәуелсіздік жылдары ішінде мемлекетіміздің өркендеуімен бірге ауданымыздың әлеуметтік инфрақұрылымы, халықтың әл – ауқаты да арта түсті. Бүгінгі күні аудан тұрғындарының 74, 5 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдалануда. Сырым ауданы 99 пайызға қамтылды.

Ауданның әрбір азаматы – қазіргі ел өміріндегі осындай бағасы биік, айтулы мерекені лайықты қарсы алу жолында аянбай еңбек етті. Бұл мереке мемлекеттің ғана емес, халықтың мерекесі. Тәуелсіздік күні құтты болсын! – деді ол.

Осы сияқты жерлестерін Тәуелсіздік күні мерекесімен құттықтап аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов, Тәуелсіздіктің құрдасы Нұржан Қажгереев сөз сөйледі.

Салтанатты жиында аудандық мәслихаты аппаратының басшысы Жолдыбай Батырниязов, жеке кәсіпкер Айсұлу Ихсанова Батыс Қазақстан облысының Құрмет Грамотасымен марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар сырымдықтар ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтың және Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің алғыс хатына, Сырым ауданының Құрмет Грамотасына ие болды.
Осы шарада Сырым аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев жаңадан мемлекеттік қызметке қабылдануына байланысты ант қабылдады. Рәсімді Сырым ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерлан Сәрсенов жүргізді.

Ресми шара «Елдігіміз – егемендік, тұғырымыз – Тәуелсіздік!» атты мерекелік концертке жалғасты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы