Шағырлой ауылының тұрғындары Дәурен Балмағанбетов, Бауыржан Өтепов және Ернар Байдашев ауылдағы А.Шайхиев атындағы көшеге 15 жарықшам орнатты.

- А. Шайхиев атындағы көшені жарықтандыру туралы мәселені тұрғындар округте өткен аудан әкімдігінің «Ашық есік» күні шарасында көтерген еді. Бұл мәселе «Туған жер» бағдарламасы аясында шешімін тапты. Ауыл азаматтарының қаржылай қолдауымен осы аптада көше бойына 600 метр су жаңа кабель тартылып, 15 жарықшам орнатылды. Шағырлойлықтар туған ауылы мен ҚР Тәуелсіздігі күні мейрамына деген құрметін осылайша білдірді. – дейді Сарой ауылдық округінің әкімі Айбол Жакиев.

Айта кетейік, Сарой ауылдық округі Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған міндеттерді жүзеге асыруға жақсы ықылас танытуда. Бүгінгі күні округте «Туған жер» бағдарламасы аясында құны 6 млн теңгені құрайтын жоба орындалып жатыр.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы