Көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлидің 82 жылдығына орай аудандық мәдениет үйінде «Қазақ елінің жыр жұлдызы» атты әдеби сазды кеш ұйымдастырылды.Кеш шымылдығы «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Мәңгілік майдан сарбазы» атты деректі фильмімен ашылды.

Алғашқы сөз Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбековке беріліп, киноның режиссері Орал Нұрмақұлы Жүнісовке құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты. Кеш барысында «Қадыр Мырза Әлі» қоғамдық қорының директоры Д.Қажымов киноның түсірілу барысы мен идеясы жайында айта келіп, ауданның бірқатар азаматтары, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Галимовке, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы М.Кажиахметовке, С.Датұлы атындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры А.Ойшыбаеваға, ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы мектеп директоры М.Ақбасовқа «Қадыр Мырза Әлі» медалін тақты. 

Кеш барысында оқушылар мен ұстаздар шайырдың шоқтығы биік туындыларын жатқа оқыды. Өлеңдеріне жазылған әндері шырқалды. Жиналғандар туған жерді сүйіп, оның қадірін түсіну өмірлік ұстанымы болған Қадыр Мырза Әлидің жауһар жырлары ойлы санаға сәуле себетінін айтады.

Үміт Жәңгірова, Сырым ауданы