Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай тай жарысынан аудан біріншілігі өтті. Жарысқа Жымпиты, Өлеңті ауылдарының тұрғындары тайларын қосты. 
– Тай жарысы ауданымызда биыл үшінші рет ұйымдастырылып келеді. Ондағы мақсат – ат құлағында ойнайтын балалардың, жастардың бос уақытын тиімді өткізу, ұлттық ойындарды дәріптеу. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында атқа міну дәстүрімізге басымдылық берілгеннен кейін, тай жарысын өткізу үрдіске айналады. Қыс аяғына дейін тай жарысы жалғасын табатын болады,- дейді «Қайсар» спорт клубының директоры Бауыржан Ихсанов.

 
Жеті айналымның нәтижесінде мәреге бірінші болып келген С.Өмірзақовтың тайы болды, шабандозы – Б.Самиғуллин. Екінші келген де С.Өмірзақовтың Ақжирені болды. Тайға шапқан Н.Кенжебаев. Үшінші орынға К.Ессұлтановтың Ақмаңдайы ие болды. Ақмаңдаймен шапқан – Ә.Қайыржанов. «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымын Р.Мырзахметов иеленді.

Жеңімпаз және жүлдегер шабандоздарды аудан әкімінің орынбасары А.Сарқұлов марапаттап, сыйлықтарын табыс етті. І орынға қой, ІІ орынға 5000 теңге, үшінші орынға 4000 теңге және жеңіске деген жігері мықты болған тай иесіне 3000 теңге ақшалай сыйлық берілді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА