Бүгін аудандық мәдениет үйінде Жымпиты халық театрының сахналауымен Серік Асылбекұлының «Желтоқсан түні ызғарлы» атты қойылымы көрермен назарына ұсынылды. 1986 жылдың 18 желтоқсанында болған оқиға желісімен жазылған драманы бұрын М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театры қойған болатын. 


Қойылымда бір-бірін Брежнев алаңында алғаш көрген, алаңдағы қуғыннан бас сауғалап қашып, бейтаныс шал мен кемпірдің үйіне келіп, паналаған Қайсар мен Ақмаралдың тағдыры сол кездегі қазақ жастарының образын ашып көрсетеді. Баймырза мен кемпірі Талшын жастарды паналатып, оларды аяусыз соққыға жығып, қорлаған милициялардан қызғыштай қориды. Сұрағандарға Қызылордадан келген туыстарымыз деп таныстырамыз деп келіседі. Қайсар мен Ақмарал Баймырза мен Талшынға қазақ жастары радиодан хабарланғандай экстремистер, сепаратистер, ұлтшылдар емес екенін, керісінше теңдік, азаттықты, демократияны аңсағанын түсіндіреді. Ержүрек Қайсар теріс пиғылды адамдардың кесірінен ұсталып кете барады. Ал, жүкті Ақмаралды алаңдағы соққыларының салдарынан толғақ қысып, өмірге ұл әкеледі. Жастарды қойша түрмеге тоғытып жатқандықтан, үйге дәрігер шақыруға да қорқып, Ақмаралды Талшын босандырады. 
Драмада егемендікке ұмтылған өрімдей жастарды түсінбей, қаралаған, коммунистік партияның сойылын соққан Тимур Қалдыбайұлы, көрші Марья Петровна сынды кейіпкерлер де бар. 

Жымпиты халық театрының режиссері Қайрат Илашев – Баймырзаның, Сәндібек Өтеғалиев – Қайсардың, Еркегүл Өтенғалиева –Талшынның, Мархат Гумарова – Ақмаралдың, Наурызбай Өмірзақов – Тимур Қалдыбайұлының, Ақерке Әжіғалиева – Марья Петровнаның рөлін сомдап шықты. 
Алаңдағы айқастың сюжеттерінде Есбол Ниетқалиев, Нұрсұлтан Қалешов, Мейрамбек Кеңесов, Гүлжүзім Өтеулиева, Айбек Қазбек, Серік Қаратаев ойнады.
Қойылым аяқталған соң, аудандық «Демалыс орталығының» директоры Серік Тоқмамбетов сөз сөйледі. Қонақ ретінде шақырылған желтоқсан оқиғасының куәгерлері Раушан Алдиярова мен Алмагүл Қаженоваға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат гүл ұсынды. 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА