Кешегі аптада Орал қаласында өткен салтанатты шарада «Жыл үздігі - 2018» Батыс Қазақстан облысының жастар сыйлығының жеңімпаздары белгілі болды. Сырым аудандық орталықтандырылған ауруханасының хирург – дәрігері Қасым Бисенғалиев «Үздік жас дәрігер» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

 

Марапатты сырымдық дәрігерге Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрданат Беркінғали табыс етті. Салтанатты шараға өңір басшысы Алтай Көлгінов қатысты.
Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің түлегі Қасым Бисенғалиевтің аудандық ауруханада қызмет етіп жатқанына үш жылға жуық уақыт болды.


Қызметімді оңай деп айта алмаймын. Бір жұмыс күнінің ішінде бірнеше адамның тағдырына жауапты болуға тура келеді. Осындай жауапты сәттерде кәсіби білік пен әріптестердің тәжірибесі керек. Өзімнің марапатымды ұжымым үшін ортақ табыс деп ойлаймын! – дейді Қасым Бисенғалиевтің өзі.

БауыржанШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы