Бүгін Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков аудандық қоғамдық кеңестің отырысында жасаған жұмысының қорытынды есебін берді. Аудан әкімінің есебінде Сырым ауданының 2016 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы жайлы айтылды. Есептің толық мәтіні аудандық газеттің ертеңгі санында жарияланады.

Аудан басшысы есептік баяндамасынан кейін агроөнеркәсіп, кәсіптік білім беру, шағын және орта кәсіпкерлік сияқты салалар бойынша ауданның алдында тұрған жобалы жұмыстар туралы өзінің ұсыныстарын айтты.

Қоғамдық кеңестің мүшелері есепке қатысты өздерінің оң пікірлерін білдірді. Пікір білдірушілердің бірі Жосалы ауылдық округі бойынша қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Асан Жүсіпов бағаны тұрақтандыруға қатысты жұмыстарды дұрыстап жүргізуді сұрады. Кеңеске қатысушы Екпін Ғайниев мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жұмыстардың орындалуын қатаң қадағалау керек дегенді алға тартты. Аудан мектептерінде қысқы спорттың жабдықтарын жаңарту жайлы мәселені қозғады кеңес мүшесі Тауфик Елубаев. 
Сауалдарға тиісті жауаптар берілді.

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы