Сырым ауданындағы балалар саз мектебінің оқушылары кейінгі кездері өздері сияқты өнерпаз балаларға кәдімгідей бәсекелес болып жүр. Өнерде бәсекелес болу деген оңай дүние емес. Бақ Құдайдың қолында, ал бабың да басқадан биік болуы керек. Соған қарағанда біздің оқушылардың бабы мықты болып тұр.

Сөзіміз дәлелді болуы үшін айтайық, жуырда Орал қаласында өткен XV республикалық «Ақ көгершін» балалар шығармашылығы фестиваль байқауында Альмира Садықова ІІ дәрежелі дипломант атанды. Альмира – саз мектебіндегі Әсел Бисенғалиева жетекшілік ететін фортепиано сыныбының оқушысы. Жетекшіміздің өзі жаңағы фестивальдің қорытындысы бойынша «Үздік ұстаз» аталымы бойынша марапатталыпты. Жас таланттардың тыңғылықты дайындалуына жақсы жағдай жасағаны үшін балалар саз мектебінің директоры Серік Сарғозиев те ұйымдастыру алқасының алғыс хатына ие болды. Деңгейлі сайыста үздік нәтиже көрсеткен Серік Дүйсекешұлының ұжымына «Құтты болсыннан» басқа айтарымыз жоқ. 

«Құтты болсын!» айтатын адамға саз мектебінде себеп көп. Кешегі жылдың аяғында жастар арасында өткен «Толғайды тарих» атты облыстық дәстүрлі жас әншілер байқауында осы мектептің «Дәстүрлі ән» сыныбының оқушылары Қоңдыкер Елеуов ІІ орын, ал Гүлсана Өтеулина жүлделі ІІІ орынды иеленді. Бұл сыныпқа дәстүрлі ән өнерінің жергілікті өкілі Дархан Қажығалиев жетекшілік етеді.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы