Бүгін Бұлдырты ауылдық округіндегі 450 аула мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Құны 324 млн 800 мың теңгені құрайтын жоба республикалық қазынадан қаржыландырылған.

Мамыр айында басталған жүйенің құрылысын мердігер «Жиенбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі межелі уақытында аяқтап отыр.

- Құрылыс жұмыстары кезінде 5 ұңғыма қазылды. Әр ұңғыма секундына 4 – 6 литр су өндіріп тұр. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бұлдырты ауылдық округін ауыз сумен қамту үшін 2 ұңғыманың өзі жеткілікті. – дейді аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Өркен Бектенов.

Ұңғымалардан өндірілген су ауыл шетіндегі екінші нүктеге тасымалданады екен. Екінші нүктенің басында суды сору мен тазарту нысандары, жалпы сыйымдылығы 500 текшеметрді құрайтын 2 резервуар және 50 текшеметр су жинайтын су мұнарасы орналасқан. Ауыз су ауыл ішіне жаңадан салынған 32 шақырымдық су құбыры арқылы тарайды.

Жаңа ауыз су жүйесінің іске қосылуына арналған салтанатты шараға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, «Жиенбай» ЖШС өкілі Қайнар Есмұқанов және ауыл тұрғындары қатысты.