Өткен жылдың аяғында Орал қаласында салтанатты жиын өтіп, сол жиында Жетікөл ауылдық округінің тұрғыны, «Байқадам» шаруа қожалығының механизаторы Жеңіс Меңешов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен наградталды. Орденді Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің өзі тапсырды. Кеше мәртебелі марапатқа ие болған механизаторды аяқтай барып құттықтап келдік.

 

Жеңіс Меңешов 1982 жылы Жетікөл ауылында дүниеге келді. Әкесі Амангелді кезінде жүк көлігін жүргізген шофер, кейін шопан болған адам екен. Әкесінің тәрбиесінің арқасында Жеңіс шаруаға икемді, еңбекке епті болып өсті.
Жәкең 2002 жылы «Байқадам» шаруа қожалығына жұмысқа кірді. Одан бері де берекелі еңбектің 17 жылы өтіпті. 

- Қожалыққа алғаш келген уақытта пішеншілерге көмектесіп, қой төлдету науқандарына қатысып жүрдім. Бұл жерде жұмыс талғау деген болмайды. Жұмыс талғамағанның бір пайдасы, адам барлық іске икемді, яғни «универсал» бола бастайды екен.

Қазір – механизатормын. Мен еңбекке араласа бастаған жылдары «Байқадам» шаруа қожалығында Мұстафа нағашым механизатор болып жұмыс істеді. Мұстафа нағашым - бұрын совхоздың бөлімшелерінде механизатор болған, 40 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі маман еді. Қасында көп жүрдім. Жұмашай, Қыдырғали деген мықты механизаторлар да болды. Әңгімелерінің өзі кітаптан кем емес - тұғын. Ол қарттардан көп нәрсе үйрендім. Мен өзімді сол кісілердің мектебін жалғастырушымын деп есептеймін! – дейді Жеңіс.

Механизатордың бір жұмыс күні ғана емес, тұтас жылы жоспарлаулы болады екен. Қыстай қожалықтың 3 бірдей мал тұрағының жолын аршып, байланысты қамтамасыз ету, көктемде агрегаттарды сайлап, жаздай мал азығын дайындау, күз бойына істелген жұмысты оқсатып, қыстаққа дайындық жасау - бір механизатор үшін аз шаруа емес. Қожалықтың жетекшісі Төлеген Әбілхайыров өз ісіне мұқият Жеңіс Меңешовтай мамандар бар да шаруашылықтың тынысы тоқтамайды деп сеніп отыр.

Шынын айту керек, Жетікөлдің бір механизаторы орден алды дегенді естігенде, ол механизаторды орта жастан асқан адам шығар деп ойлағанбыз. Өзімізден он шақты жас қана үлкендігі бар, отыздың ауылының қақ ортасына келіп ойнақтап тұрған азамат екендігін білгенде сүйсініп қалдық. Сүйсінуге қақымыз бар екен.
- Кеңестік замандағы еңбек адамдары сөз жоқ мықты болды ғой. Бастысы ол кезде малшылардың да, механизаторлардың да буыны қалыптасып қалып еді. 1962 – 63 жылы туылғандар сол буынның соңы болып үлгерді, 1970 – 71 жылы туылғандар шаруашылыққа енді араласа бастаған буын тарс үзілді. Бұл буын содан кейін жалғасқан жоқ.

Жеңіс Меңешов – тәуелсіздік жылдары шыққан механизаторлар буынының өкілі. Қазір тракторға әуес адамдар аз. Қожалықтар жаз айларындағы маусымдық жұмыстардың кезінде 100 мың теңге жалақыға механизатор таба алмай дал болады.
Бәрі мұғалім, бәрі мемлекеттік қызметкер, бәрі кәсіпкер бола берсе, қай – қай ауылдың да күретамырына айналған шаруашылықтардың жұмысын кім жүргізеді? Кеңес үкіметінен қалған адамдар қашанғы малдың соңында, трактордың тізгінінде жүре берер екен? Іске жастар араласуы керек. Сол себепті, жас механизаторлардың еңбегін дәріптеу, оларды үлгі қылуды өте қолдаймын. – дейді бұрын ауылшаруашылық саласында ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі қызметкер, Жетікөл ауылдық округінің қазіргі әкімі Салауат Ғабдуллин мырза. Ойымызбен орайлас болғасын, ауыл әкімінің осы сөзін мақаламызға әдейі кірістіре кеттік.
Біз Жеңіс Меңешовпен оның жұмыс уақытында барып сұхбаттасқан едік. Еңбегіне табыс, Мөлдір жеңгей екеуінің шаңырағына жақсылық тілеп біз Жымпитыға қарай кері кеткенде, тракторын дырылдатып Жеңіс жұмысына қарай кетіп бара жатты.

 

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы