Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев Сарой ауылдық округіндегі Шеркешбай қыстағында болып, «Әнуар - 2» шаруа қожалығының жұмысымен танысты.

2002 жылы құрылған қожалық бүгінгі күні аудандағы мал шаруашылығымен айналысатын іргелі шаруашылықтың біріне айналды. Қожалықтың жетекшісі Қазыбек Жұбанғалиев әкесі Әнуардан қалған атакәсіпті абыройлы жалғастырып келеді.

 «Әнуар – 2» шаруа қожалығында қазіргі таңда 400 – дей ірі қара, 600 бас ұсақ мал және онға жуық түйе қыстатылуда. 9 үйір жылқы тебінде жүр.

- Қыстағымыз жайлы басталды. Басы ештеңе емес, қыстың шығысы, яғни аяқ жағы қиындау болып келеді. Оны талай жылғы тәжірибе көрсетті. Жаздай 2000 центнер шөп дайындап, маялап қойдық. Малдың азықтық қоры жеткілікті болады деп есептеп отырмыз. Қазір қасымдағы екі көмекшіммен бірге, шаруашылықтың басындамыз. Қыстақты сәтті өткізуге ниеттіміз. – дейді қожалықтың жетекшісі Қазыбек Жұбанғалиев. 
Шеркешбай қыстағында қожалыққа тиесілі 4 баз және заманауи үлгіде салынған тұрғын үй орналасқан. Нысандарға электр жарығы жеткізілген. Бұл жерде өзекті бір мәселе болса, ол - ауыз су жағы. Іргедегі жалғыз құдықтың суы қожалықтың қарайған малына аздық етеді. Осы мәселені шешу мақсатында Қазыбек Жұбанғалиев қыстақтың басынан тұщы су өндіретін қосымша құдықтарды іске қосуды жоспарлап отыр.

Аудан басшысы Төлеген Төреғалиев қожалықтың жетекшісі Қазыбек Жұбанғалиевпен малдарды тұқымдық түрлендіру, ауыл шаруашылығын қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін пайдалану жайында әңгімелесті.

Аудан әкімі кейін Базарбай Жәденғалиев жетекшілік ететін «Еркебай» шаруа қожалығында да болды. Сарой ауылдық округі әкімі аппаратының бізге берген мәліметін сөйлетсек, бұл қожалық бойынша жылдың басында бойынша 353 ірі қара, 75 ұсақ мал, 101 жылқы есептелінген екен.

Айта кетейік, «Еркебай» шаруа қожалығы 2014 жылы Құлшығай қыстағына өзінің қаражатымен электр желісін тартты.