Бүгін Сырым ауданына жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев келді. Аудан орталығында әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысқан сенатор «Нұр Отан» партиясы Сырым аудандық филиалының мәжіліс залында жергілікті кәсіпкерлермен жүздесті

Кездесуді жүргізген Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков өзінің сөзінде аудандағы кәсіпкерлік саласының бүгінгі бағыттары жайлы айтты.

Соңғы 15 жылда мемлекет экономикалық тұрғыда оңалды. Елдің жағдайы жақсарды, сәйкесінше тұрмыстық сұраныстары артты. Осы арқылы әрбір өңірдегі кәсіпкерлік саласы жаңа бағыттарды айқындады. Кәсіпкерлермен болған кездесудегі сөзін осылай бастаған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ерболат Мұқаев назарда тұрған кейбір мәселелерді де атап өтті.

Сырым ауданының кәсіпкерлері депутат мырзаның алдына өздері үшін өзекті болып отырған мәселелерді қойды. Оның біреуі, ауылшаруашылық саласындағы жайылымдық жерлерді пайдалану мәселесі. Қазіргі күні жайылым тарылды. Тарылудың бір себебі мал басының өскенінде болса, екінші себеп – пайдалануға берілген мемлекеттік жерлердің иесінің де игілігіне жарамай, елге де қолжетімді болмай, бос жатуы. Депутат бұл жайлы білетін болып шықты.

Жұмыстар жасалып жатқан көрінеді. Ауылшаруашылығымен айналысатын аудан шаруалары мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алғаны үшін төленетін мемлекеттік субсидия неліктен тоқтап тұр деген сауалды қойды. Бұл сауал да сенатордың қойын дәптерінің ішіне түртіліп кетті. Нақты жауап кейін берілетін болады.

Кездесуді аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы