Кеше Сырым аудандық мәслихатының сессиясында Батыс Қазақстан өңіріндегі айтыс өнеріне қосқан үлесі үшін айтыс ақыны Қуаныш Қапановқа «Жайық айтысына – 60 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Медальді салтанатты түрде айтыскер ақын, журналист, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы – термешілер Одағының Батыс аймағы бойынша төрағасы Бауыржан Халиолла табыс етті.

 

Қуаныш Қапанов аудан халқына аудандық «Жас қанат» байқауы арқылы танылды. бұрын жазба поэзиямен айналысып жүрген кейінгі жылдары айтыс ақыны ретінде аудандық, облыстық айтыстарға қатысып, жүлде алды. Көз жанарынан айырылған тағдырлы ақын бүгінгі күні өзінің алғашқы жыр жинағын баспаға дайындау үстінде.
Батыс Қазақстан өңіріндегі айтыстың 60 жылдығына арналған мерекелік медаль Қоңыр ауылында тұратын ақын Зәкәрия Молдағалиевке де табыс етілді. Марапатты тапсыру үшін ақынның шаңырағына облыстық мәдениет басқармасының өкілі Бауыржан Халиолла мен Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев арнайы келді.

Айта кетейік, Зәкәрия Молдағалиев талай рет ауданаралық айтыстарға қатынасып, 1979 жылы Жымпитыда өткен аудандық айтыстың жеңімпазы атанды. Зәкәрия ақын кезінде әйгілі айтыскер Жаңыл Жұрмағанбетовамен де айтысты. Қарт ақынның жасы бүгінде 80 – нен асты.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы