Бүгін С. Датұлы атындағы стадионда «Қайсар» спорт клубының ұйымдастыруымен дәстүрлі тай жарысы өтті.

Қазақтың жылқыға деген махаббатына, бәйгеге деген желігіне ауа – райы әсер ете алмайды екен. Ақ түтек боранға қарамай тайын жетектеп келген шабандоздар мен жарысты тамашалауға келген көрермендерді көріп, біз соны байқадық.


Жеті айналымнан тұратын тайлар жарысына осы сенбіде он шақты тай қосылды. Басында бір – бірінен қалыспай шапқан тайлар екінші айналымнан кейін бытырай бастады. Бытырай бастады деген сөз, біреуі қалып, біреуі оза бастады деген сөз ғой. Тайлардың ішінде бас бермей жарыс жолынан шығып кеткендер де, соңғы айналымдарға қарай баспай қалғандар да болды.

3 шақырымға созылған жарыста Бекжан Сәмиғоллин деген шабандоздың өзі баптаған «Әлемқасқа» атты тайы мәре сызығын бірінші болып кесті. Өлеңтілік М. Мұқановтың «Алаяқ» атты тайы екінші (шабандозы – Тұрлыхан Хамит), Дамир Шарапиев шапқан «Қарақұйын» үшінші болып келді. Алдыңғы тай жарысында бірінші келген «Жұлдыз» осы жолы үштікке ілінбей қалды. Ұйымдастырушылар «Жұлдыздың» шабандозы Ернұр Сәмиғоллинге ынталандыру сыйлығын берді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Сырым ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов марапаттады.


Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы

 

.

 

.

 

.