Сырым аудандық сотында 2018 жылғы атқарылған қызметтің қорытындысына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Сырым аудандық сотының төрайымы Ботагөз Баймұханованың жасаған негізі хабарламасы бойынша қылмыстық, азаматтық, әкімшілік істерде біраз жұмыстардың атқарлығандығына куә болдық. 

Мәселен, Ботагөз Елеуқызының айтуынша өткен жылдың 12 айы ішінде барлығы 21 тұлғаға қатысты 20 қылмыстық іс қаралып, тергеу судьясымен «Қамау» түріндегі бұлтартпау шарасын ұзарту бағытында 1 материал қанағаттандырылған. 

Сондай-ақ, өткен жыл ішінде пробация қызметінен 2 тұлғаға қатысты 2 материал шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы, 6 тұлғаға қатысты 6 материал жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына 240 сағат мөлшерінде мәжбүрлі еңбекке тартуын төмендету туралы қолдау хаты қаралды. 

Азаматтық істер бойынша өткен жылы 124 шешім шығарылып, 116 шешім толық және 8 іс бойынша қанағаттандырудан бас тартылған, 28 сот бұйрығы шығарылды. 

Әкімшілік істер бойынша тоқтала кетер болсақ, 2018 жылы барлығы жалпы сомасы 5567455 теңге айыппұл салынып, оның 1863157 теңгесі құқық бұзушылардың өз еріктерімен төленді. 

Ал, көрсетілген мерзімде төленбеген айыппұлдар мәжбүрлі түрлі орындауға жолданып отырылды.

Өткен жыл ішінде барлығы 266 әкімшілік іс «Сот кабинеті» арқылы түсіп, қаралған. Немесе, аудандық соттағы өткен жылғы қаралған 74 істің өндірісі татуласу, медиация тәртібімен аяқталғандығын да айта кеткен жөн. 
Баспасөз конференциясына қатысқан Сырым аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, аудандық билер кеңесінің төрағасы Сыдық Тәжмұхан аудан көлемінде мал ұрлығына қатысушы барымташыларға кешірім бере салудан гөрі қатаң жазаға тарту жолдарын қарастыру қажеттігін, аудандық медиаторлар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Ахмет Батыршин баспасөз беттерінде медиация, сотқа дейін істі жеткізбеу мәселесі жөнінде мақалалар жиі жарық көрсе деген ой-ұсынбаларын ортаға салды. 

Сондай-ақ, Сырым ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Жанболат Мырзашев, Сырым ауданы әкімі аппаратының бас инстпектор-заңгері Эльмира Ишанғалиева, «Сырым жауһарлары» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәншүк Бахитова отбасы құндылығы, балалар тәрбиесі, тағы басқа мәселелерге тоқталды. 

Конференцияны аудандық соттың төрайымы Б.Баймұханова қорытындылады. 


Мүсірек АЙТАШЕВ, 
Сырым ауданы