Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде жүлдеге ие болған жеңімпаздарымен «Ұлт болашағы білімді ұрпақ қолында» атты кездесу кеші өтті. 

Республикалық білім додасының облыстық кезеңінде құқық негіздері пәні бойынша Гүлдана Нұғманованың шәкірттері 11 «а» сынып оқушысы Малика Ералиева І орын, 10 «а» сынып оқушысы Айжан Тұрғалиева І орын, 11 «а» сынып оқушысы Альбина Закина ІІ орын иеленді. 

Қазақстан тарихы пәні бойынша Жаслана Жайманова баптаған 10 «б» сынып оқушысы Альбина Сағидулла ІІ орыннан көрінді. Орыс сыныбындағы қазақ тілі пәні бойынша 11 «г» сынып оқушысы Нурия Камалиева (жетекшісі Жауынгер Кенжеғарин) және 10 «г» сынып оқушысы Зухра Халитова (жетекшісі Халықбек Жұбанғалиев) белсене қатысқандары үшін дипломмен марапатталды. 

Сондай-ақ, облыстық пән олимпиадасына 11 «а» сынып оқушысы Жанат Берсебаева орыс тілі пәнінен (жетекшісі Әлия Жолдығұлова), 11 «г» сынып оқушысы Нұрберген Қуандық ағылшын тілі пәнінен (жетекшісі Минуара Меңдіғалиева ), 10 «г» сынып оқушысы Асаин Сатанов (жетекшісі Лариса Ғабдуллина) физика пәнінен қатысты. 

Жүлдегер оқушыларды жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры Марат Ақбасов құттықтап, алғысын білдірді. Оқушыларды олимпиадаға дайындаған ұстаздар атынан Гүлдана Нұғманова мен Жаслана Жайманова сөйлеп, берген білімді, бағыт-бағдарды құлағына құйып, іліп әкеткен білімпаз шәкірттеріне разылықтарын білдірді. 

Шара барысында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының ұйымдастыруымен 14-18 жас аралығында өткен «Менің атам/әжем – белсенді зейнеткер» тақырыбындағы эссе байқауының жеңімпазы Томирис Толқыноваға БЖЗҚ-ның Сырым аудандық филиалының жетекші маманы Гүлзайда Жұбаниязова грамота және «Меломан» дүкенінің 20 мың теңгелік картасын табыстады. Мектеп оқушылары ән шырқап, мың бұрала билеп, олимпиада жүлдегерлеріне сауалдарын қойды.