Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин 105 жасқа толған Қосарал ауылындағы кейуана Несипова Қамида Балтеменқызына арнайы сәлем бере барды. Басшылар ғасырдан астам жасап келетін әжейге 14 қаңтарда өткен туған күніне сый-сияпат ұсынды. 

Біз барғанда әжей ұйқысынан жаңа тұрып жатыр екен. Шамасы, қарттық кірген соң, ұйқының да мезгілі ауысатын шығар деп шамаладық. Жүз бес жасқа келсе де, Қамида әжей тың, арқасы тіп-тік, тістері қаладай. Көздері де шырадай жанып тұр екен, іс тігуден әлі қол үзбепті. Тек, құлағы сәл нашар есітеді екен, бөліп-бөліп айтылған сөздерді естиді де, тез-тез айтылса, қақпай қалады екен. «Жүз бес жылдан бері бұл құлақ шаршаған шығар, қайтсін енді»,- дейді әженің өзі. Аудан басшысы көп жасаудың сырын сұрағанда, Қамида әже: «Әке-шешем өмірден ерте кетті. Қазақта «Топырақ астындағы жасын берсін» деген сөз бар. Сол әкем мен анамның топырақ астындағы жасын бізге берген шығар Алла. Апам 80-нен асып қайтты, менің жасым өздерің көріп отырғандай»,-деді. Жастық өмірі аттың үстінде өткен әже тек табиғи, құнарлы тамақтанып, табиғи жүн-теріден ғана киім киген екен бүгінге дейін. 

Әжей ұлы Талап пен келіні Бақытмаралдың қолында тұрады. Үйде үшеуі ғана тұратын болғасын, бір-бірімен әзілдесіп ойнай береді екен. «Ақыл-есім дұрысында, алжастырмай-шатастырмай алса, содан басқа арманым жоқ. Мына баламнан «өзімше ақыл-есім әзірше дұрыс сияқты, сөзден шатасып отырған жоқпын ба» деп сұрасам, «Өзіңше солай болса, онда дұрыс болғаны ғой» деп ойнайды,- дейді әжей.

Қамида Балтеменқызы 1914-жылдың 1-ші қаңтарында дүниеге келген. Ата-анасы бала күнінде өмірден озған соң, жалғыз туған апасы Қалиланың қолында тәрбиеленіпті. Әжейді балалығы жетімдіктің, жастығы соғыстың кесірінен қиындықпен өтті. Апа-жездесі Қалила мен Хасанның үш баласы бар. Апасы балаларын бағып, Қамида әжей апасының орынына жұмыс жасады. Қандай жұмыста да ымы мен дымын білдірмей, әйелдің де, ер азаматтың да қол еңбегін жасады. 

1942-де екі колхоздың жұмысшыларын біріктіріп, темір жол салуға жұмысқа жіберді. Атыраудан әрі Жем, Ойыл, Сағыздан асып, темір жол құрылысына қатысты. Ол жаққа түйеге жүк артып, жайдақ аттарға мінгесіп, арып-ашып, жадап-жүдеп жетеді. Биіктігі үйдей етіп, трактормен қазылған терең қара жердің топырағын қолдап тасып, шойын жолдың жанына төгеді. Бұл жұмыста әйелдер еркектердің орнында жүрді. Кейін сиыр, жылқы да бақты. Көктемнен күзге дейін шашауын шығармай баққан малдарын күзде әскерге көлік, азық ретінде алып кететін. 

1945-46-шы жылдары құдай қосқан жары Ырыспен некелесіп, сондай бес ұл, үш қызды өмірге әкелді. Сол ұрпақтарынан 28 немере, 34 шөбере, 15 шөпшек сүйіп отыр. 

Алтын алқалы ананың 100 жасында балалары, ат шаптырып той жасады. «Менің көргенімді ұрпағым көрмесін, менің бейнетімді емес, жасымды берсін» деп әже батасын беріп, «әумин» деп бет сипадық.