Бүгін аудан және ауылдық округ әкімдерінің халыққа есеп беру кездесулері басталды. Есептік жиын Жетікөл, Сарой ауылдық округтерінің орталықтарында өтті.

Қосаралдағы кездесуде ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы жайлы бейнеролик көрсетілді. Жетікөл ауылдық округінің әкімі Салауат Ғабдуллин өткен жылы жасалған жұмыстар мен шешуін күтіп тұрған мәселелерді баяндамасында атады. Қосаралдықтар үшін қуанышты хабар, биыл мұнда Боқай нүктесінен "Ақбұлақ"бағдарламасымен су құбырларын тарту жұмыстары басталады. Ауылға 45 су бағаны қойылып, тұрғындардың өз қалталарынан үйге су кіргізіп алуға мүмкіндіктері болады. Бұл аудандық жөнінде құрылыс бөлімінің басшысы Өркен Бектенов мәлімдеді. Ауылдық учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Қабиев қоғамдық тәртіп бойынша атқарылған жұмыстарды саралады. Жетікөл ауылдық округінде былтыр 4 қылмыс тіркеліп, 2 мал ұрлығы ашылмады. 
Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев "Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасының бағыттарын түсіндірді. Бүгінде округте 90 жұмыссыз тіркеулі тұрғанымен, олардың бәріне жұмыс тауып беру мүмкін еместігін айтып, оқуға, бағдарлама арқылы несие алуға шақырды. 

"Жігер" ШҚ жетекшісі Ғибрат Хасанов әкімдер есебін оң бағалап, ауылға жедел жәрдем көлігін, Ағоба елді мекенінің электр бағанын ауыстырып беруді сұрады. Аудандық орталық аурухана директоры Роза Тахамбетова жедел жәрдем көлігін мүмкіндігіне қарай шешуге тырысатынын айтты.

Жиынды аудан әкімі Төлеген Төреғалиев түйіндеп, ауданда газдандыру жұмысы 99 пайыз жүзеге асырылғанын, Жетікөл елді мекеніндегі Бұлдырты көшесі мен Өлеңті ауылындағы Күсепқалиев көшесіне газ тарту үшін жоба жасақталғанын айтты. Әлеуметтік нысандардың ғаламторға кіру жылдамдығы артып, Сасықкөл елдімекенінде түйе шаруашылығымен, Алғабас ауылында құс шаруашылығымен шұғылданатын инвесторлар тартылып жатқанын мәлімдеді. - Биыл 5 елдімекенге - Жетікөл, Қосарал, Тоғанас, Құспанкөл, Аңқатыға су тарту жұмыстары басталады. Кеңащыдан Жымпитыға су келгеннен кейін Шағырлыой, Қособа, Жырақұдық, Бұлан, Жамбыл ауылдарына су тарту үшін жоба жасалатын болады,- деді аудан басшысы.