ЖББ Ж.Досмұхамедов атындағы ОМБК базасында өзгеріс енгізілген ұлттық бірыңғай тестілеу басталды.

Бұған Сырым ауданынан 78, Қаратөбе ауданынан 47, жалпы 125 оқушы өтініш беріп қатысуда. Биылдан бастап тестілеу жылына төрт рет өткізіледі. Қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында. Осылайша, жаздағы негізгі сынаққа дейін үміткерлер екі мәрте өз шама-шарқын біле алады. Ескеретін жайт, мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін оқушылар міндетті түрде маусым айындағы тестке қатысып, жоғары балл жинауы тиіс. Ал өзге үш сынақ тек ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік береді. Осылайша, биыл оқушыларымыздың үміті артты. Олай дейтініміз, алғашқы сынақтан сүрінген бозбала мен бойжеткеннің енді сағы сынбайды. Бекітілген жаңа талаптарға сай шекті балл жинай алмағандар наурызда қайтадан тест тапсыруға мүмкіндік алады.