Кеше Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, аудандық мәслихаттың хатшысы Шынар Дүйсенғалиева және Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Кубаев «Бұлан» шаруа қожалығында болды.

2018 жылы құрылған қожалық биыл өзінің бірінші қыстағын өткізуде. Қожалықта бүгінгі күні 105 бас асыл тұқымды ірі қара, 66 бас жылқы бар. Ірі қаралар қазақтың ақбас сиыры тұқымына жатады.

Шаруашылық былтыр 7500 центнер мал азығын дайындады. Бұдан бөлек, қорда 15 тонна жем бар. Қожалықтың ауласында 1 мал қорасы, кеңсе, гараж, малға ветеринарлық – сералогиялық жұмыстар жасайтын орын және күзет бекеті бар. Шаруашылықта 4 адам тұрақты қызмет етеді.

«Бұлан» шаруа қожалығының жетекшісі Махамбет Досалиев елге кәсіпкер ретінде ғана емес, жомарттығымен де танымал. Ол кісі 2017 жылы ауыл жастарына бірыңғай спорттық форма алып берсе, былтыр қожалықтың қаржысы есебінен ауылға саябақ салынды. Махамбет Досалиевтің демеушілігімен осы саябақтың ауласына 250 түп, ал мектеп ауласына 50 түп ағаш көшеті отырғызылды. Қожалық былтыр үш жанұяға тегін мал азығын түсіріп берді.