Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында 2018 жылы Бұлан ауылдық округі бойынша барлығы 5 млн 416 мың теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылған. Бұл туралы өзінің есептік баяндамасында Бұлан ауылдық округінің әкімі Тимур Кубаев айтты.

Аталған бағдарлама аясында былтыр Бұлан ауылында саябақ, балалар ойын алаңы, ал округке қарасты Жамбыл ауылында жаңа спорт алаңы мен балалар ойын алаңы салынып, пайдалануға берілді. Демеушілер тарапынан екі ауылдың да кіреберіс жазулары жаңартылды.

Бұлан ауылдық округіндегі есептік жиынға Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев, Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева қатысты. Ауыл тұрғындарына Сырым ауданының 2018 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы туралы фильм көрсетілді. Кейін аудан әкімі тұрғындар алдында округтегі негізгі мәселелер бойынша хабарлама жасады.

Бұлан ауылдық округіндегі 2018 жылы өткен есептік жиында көтерілген ауыз су мәселесі уақытында шешімін тапқан. Тамыз айында Бұлан ауылында жаңа ауыз су ұңғымасы іске қосылды. сонымен бірге, Жамбыл ауылындағы электр желілерін жөндеу және бөгетті қалпына келтіру жұмыстары да ойдағыдай орындалыпты. Кешегі есептік кездесуде тұрғындар Жамбыл мектебіндегі кадр мәселесін шешу және спорттық залдың жылыту жүйесін жөндеу мәселелерін көтерді. Есептік кездесуден кейін аудан әкімі Төлеген Төреғалиев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.