Жақында Аралтөбе ауылдық округінің орталығында Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың 7 қыры» атты мақаласына орай «Жымпиты» ЖШС-нің директоры, облыстық ат спорты федерациясының президенті, мәдениеттің жанашыр тұлғасы Мүтәлі Төреғалиевтің 65 жасқа толуына арналған «Нар қазақ» атты мәдени шара мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. 

Шараның алғашқы бөлімінде Мүтәлі Төреғалиевтің 65 жасына орай дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда кейіпкердің өткен өмір жолдары, жеткен жетістіктері кеңінен баяндалды. 

Ауылдық округ әкімі Әділхан Мұхитов, ақын, журналист Махмет Қажиахметов шара барысында жүрекжарды ақ тілектерін мерейтой иесіне арнады. Ауыл әкімі Ә.Мұхитов М.Төреғалиевке шапан жауып, құрмет көрсетті. Ал, мәдениет қызметкерлері болса, той иесіне әннен шашу шашып, шара шырайын одан әрі әрлендіре түсті. 

Шараның келесі бөліміндегі тайлар жарысы мен волейболдағы бәсеке жанкүйерлердің назарын еріксіз баурап алды. Соңғы кездері қалыпты дәстүрге еніп отырған мұндағы тайлар жарысында да жымпитылық шабандоз Сәмиғоллиннің қос тайы 1, 3 орынды еншілесе, аралтөбелік шабандоз Б.Шүйінішқалиевтың тайы 2 орынды еншіледі. Айта кету керек, ауылда өткізілген тайлар жарысына Г.Оразғалиева, Ж.Баймұханов, А.Молдашев демеушіліктер көрсетті. Ал, тайлары мәреде озық көрінген шабандоздарға 1 орынға 15 мың теңге, 2 орынға 10 мың теңге, 3 орынға 5000 теңгеден берілсе, «Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымына ие болған Нұрым Ғұмаровқа және ең жас шабандоз Темірлан Қонысбайға да ақшалай, бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Волейболдан өткен сайыста жүлделі 1 орынды «Жастар» командасы, ал 2 орынды «Ардагерлер» командасы иеленіп, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.