- Қозы 28 қаңтарда туылды. Төлдерді жылы жерге бөліп жүргенде, қозының бүйіріне көзім түсті. Қара терінің үстіндегі ақ – ала жазуға ұқсайды екен, өзім араб жазуына шырамыттым. Себебі, жоғары оқу орынында оқығанда араб әріптерін тануды аздап үйренген едім. Осы жазу «الله ‎» деген жазу емес пе екен деп, анығын білмек болып, қозының суретін әлеуметтік желі арқылы аудан тілшілеріне жібердім. – дейді Медет Садықов. 
Әлеуметтік желі арқылы суретті бірінші көрген біздер едік. Қозының бүйіріндегі жазуды анықтап оқып беруін өтініп, Медет жіберген суреттерді таныс имамдарға жолдадық. Бұрын аудандық мешіттің имамы болған Бақытжан Құралбайұлы қозының бүйіріндегі жазудың «Аллаһ» деген жазуға келетінін, ал Сарыағаш медресесінің ұстазы Оразбек Жамбылұлы жазудың араб жазуымен 80 пайызға сәйкесетінін айтты. 
- Жазудың «Аллаһ» деген жазу екеніне ешқандай күмән жоқ. Алла – бар, ол - жалғыз, ол -біреу. Осындай мысалдар арқылы Алла өзінің бар екенін есімізге салуда. – дейді Сырым аудандық мешітінің найб имамы Жасқанат Ерсайынов. 

Қозыны көру үшін Жамбыл ауылына бізбен бірген барған найб имам қозының оң жақ бүйіріндегі ақ аланың да жазуға ұқсайтынын, дәлірек айтқанда ардақты пайғамбарымыздың есімі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «محمد‎» (Мұхаммед) деген жазуға келіңкірейді деген болжамын айтты. 

Шынын айту керек, біздер қозының бүйіріндегі жазуларға ана бір таңданбадық. Таңдану керек болса, Алланың әрбір жаратылысы таңданып, таңдай қағуға, оның ұлылығын мойындауға себеп емес пе?