Жағымды жаңалық деуіміздің де өзіндік сыры бар. Өйткені көп жылдан бері көшедегі бағандар басындағы радио құрылғысынан көз жазып, әбден «сағынып» қалған тұрғындар іске қайта қосылған қазақ радиосымен қауышқандарына бек қуаныштарын білдірісуде. 
– Аудан тұрғындарының қазақ радиосы арқылы еліміздегі жаңалықтарымен дер кезіне хабардар болып, ән-күйлерімен сусындаулары бағытында көшелердегі бағандарға, мекемелер маңына радиоқұрылғылар орнатуды жоспарлаған болатынбыз. Соның сәті де келді. Бүгінгі таңда аудан орталығындағы ЖББ Қ.Мырзалиев атындағы, ЖББ Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектептер мен «Қайсар» спорт клубына радио құрылғылар орнатылып, қазақ радиосы арқылы хабарлар тұрақты түрде жіберілуде. 
Енді осындай игі бастама одан әрі жалғастырылып, қазақ радиосы арқылы берілетін жаңалықтар мен сазды әуендер барлық ауылдық округтердің орталықтарында, халық көп жиналатын орындарда, саябақтарда таратылатын болады. 

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы аясында қолға алынып отырған бұл бастаманың ең басты мақсаты да қазақ халқының ұлттық өнерін дәріптеу, насихаттау болатын,-дейді аудан әкімі Төлеген Төреғалиев.
Бүгінде Жымпитыда қазақ радиосы сөйлеп тұр. Енді осы радио торабы арқылы аудан халқына түрлі хабарландырулар, өнер иелерінің жазып алынған ән-күйлерін тарату жағы да қалыпты дәстүрге енгізілетін болады.