Ауданның жыл бойына атқарған шаралары бейнеролик арқылы халық назарына ұсынылды. Ауданның экономика саласында, тұрмыстың қай тұрғысынан да жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Мал басы өсіп, шаруа шираған. Ауданға тартылған инвестиция да артқан. Аудан бюджеті 4 млрд 519 млн 300 мың теңгеге орындалды. 
Жыл қорытындысымен ірі қара 3,7, жылқы 11,3, түйе 18,9 пайызға өсіп отыр. Ауданда 18 шаруашылықта 3582 бас асылтұқымды мал тіркелген. Өткен жылы 527 бас асыл тұқымды аналық ірі қара алынса, оның 181-і абердин-ангус тұқымы. Жылқы малын асылдандыру да оң жолға қойылуда. «Иманғали» ШҚ 1000 басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңын салып, Қамбар ата түлігінің «Көшім» асыл тұқымын өсіруді қолға алды. Аудан орталығында «Атамекен-Сырым» ауылшаруашылығы өндірісті кооперативі модульді мал сою пунктін салып, ет дүкенін ашты. Биыл «Жібек жолы» ШҚ ауысымына 25 ірі қара және қой сою пунктін іске қосады. 

Ауданда шағын және орта бизнес саласында 1239 шаруашылық субъектілері тіркелген. Онда барлығы 2280 адам жұмыс жасайды. Шағын несие ұйымдары арқылы 102 кәсіпкерге 492,2 млн теңге несие беріліп, 436 жұмыс орындары ашылды. Биыл «Жібек жолы» ШҚ автокешен құрылысын аяқтайды. Аудан орталығынан асхана ашу, «Sinoil» авто жанармай кешенін салу, Алғабас ауылынан құс фермасын ашу, «Көшімбет» ШҚ Алғабас ауылдық округінен қымыз, шұбат өндіруі жоспарлануда. Сондай-ақ, «Уайс» ШҚ 3 млн теңге қайтарымсыз грант алып, гидропон әдісімен жасанды ортада өсімдік және құс өсірумен айналыспақ. 
Өткен жылы Бұлдырты ауылының ауыз сумен қамту жүйесі жаңғыртылды. Биыл Қосарал, Жетікөл, Аңқаты, Тоғанас, Құспанкөл елді мекендерінің ауыз су желісін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Жымпиты-Кеңащы топтама су құбыры құрылысының ЖСҚ дайындалып, жоба құны 2,4 млрд теңгені құрайды. Бұл жоба жүзеге асқан соң, жерасты су қоры аз 5 елді мекен – Шағырлой, Қособа, Жырақұдық, Бұлан, Жамбылға ауыз су желісін тартуға ЖСҚ жасақталады. 

Ауданның газдандырылуы 99 пайыз жүзеге асып отыр. Биыл ауыл іргесінен қашық орналасқан Өлеңті ауылының Күсепқалиев көшесіне және Жетікөл елді мекенінің Бұлдырты көшесіне газ тарту үшін ЖСҚ жасалды.

Өткен жылы Өлеңті ауылына кірме жол жөнделсе, биыл Алғабас, Тоғанас ауылдарына кірме жол жөнделетін болады. Аудан орталығында 7, Алғабас ауылында 1 ауылішілік жолдың орташа жөнделуіне жоба әзірленді. 

Аудан орталығында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 қабатты 36 пәтерлік тұрғын үй салынады. Алғабас ауылынан 10 бір пәтерлік арендалық тұрғын үй құрылысының және 15 тұрғын үй орнына ИКЖ жүргізу жұмыстарына ЖСҚ жасалды. 
Аудан әкімінің баяндамасынан соң, тұрғындар аудан әкімінің есебіне оң баға беріп, көкейдегі сауалдарын да қойды, облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиевтан мәселелерді шешуде көмек сұрады. 

Жиында сөз алған Айбол Бакитов жол, Өлеңті өзенінің арғы бетіндегі Күсепқалиев көшесіне газ тарту, су мәселесін, қоршаусыз тұрған трансформатор мәселесін көтерді. Аудан әкімі жолдың назардан тыс қалмайтынын, газ тартылатынын, бір нүктеден су алып отырған сегіз үйдің әрбіріне су тарту үшін биыл жоба жасалатынын, трансформатор қоршау да шешімін табатынын айтты. 

Бұлдырты ауылының тұрғыны, аудандық мәслихат депутаты Болат Тасқалиев ауылда спортта жетістікке жетіп жүрген өрендердің көп екенін айтып, бір спорт зал салып беруді сұрады. Төлеген Серікқалиұлы биыл жоба жасалды, жобаға қаржы бөлу жөнінде тиісті басқармаларға ұсыныс берілді деді. Ардагер Сыдық Тәжмұхан аудан әкімінің есебін оң бағалап, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында 2020 жылға қарай қос батыр қызымыздың атындағы Ә.Молдағұлова мен М.Маметова көшелерін жөндеуді сұрады, оған аудан әкімі бұл жөнінде тиісті басқармаға ұсыныс берілгенін айтып жауап берді. 
Бұлан ауылының тұрғыны Қадырғали Төленов Бұлан ауылына кірме жолды жөндеуді сұраса, Абай орта мектебінің тәлімгері Мәди Қайыров мектеп түлектері былтыр жүз пайыз грант иегерлері атанғанын айтып, жобалық-сметалық құжаттары дайын Абай орта мектебінің күрделі жөндеуден өтуіне қаржы бөлуге облыс әкімінің орынбасарының ықпал етуін сұрады. Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Айнагүл Ойшыбаева Алашорда көшесіндегі екі қабатты ғимаратты жөндеп, Сырым музейіне бейімдеуге көмек сұраса, Алғабас ауылындағы М.Қаналиев атындағы орта мектептің мұғалімі Саламат Қаналиев ауылдан салынатын 10 үйдің құрылысына қаржы бөлінсе дейді. Абат Мұқашев жұмыс сұраса, ардагер спортшы Еркін Шүренов аудан спортына қосқан үлесін айтып, марапатқа ұсынуды сұрады. Ардагер ұстаз Гүлбақша Ерғалиева балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығын күрделі жөндеу керек дейді. Өлеңті ауылының тұрғыны Тауфик Елеубаев ауданнан балабақша мен уақытша ұстау изоляторын салу қажет деп санайды. Аудандық «Демалыс орталығының» директоры, аудандық мәслихат депутаты Серік Тоқмамбетов мәдени-спорт кешенін күрделі жөндеуге облыс әкімінің орынбасарының көмек етуін сұрады. 

Халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қойылған сауалдардың бірқатары оң шешімін табатынын айтып қуантты.
Есепті кездесу жиынын облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев қорытындылады. 
– Есепті кездесудің екі мақсаты бар, бірі – мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жұмыстарды қорытындылау, екіншісі – халықпен кездесіп, пікірін білу. Егер мәселелер тез арада шешілетін болса, онда шешеміз. Жүйелі түрде шешілетін түйін болса, жоспарға салып, біртіндеп іске асырамыз. Ұсыныс-пікірлеріңізді облыс әкімі Алтай Сейдірұлына жеткіземін. Көтерілген мәселелерді іске асыру үшін қаражат көздерін қарастырамыз. Тұрмыс сапасын арттыруға арналған Елбасының «Нұрлы жер», Нұрлы жол» бағдарламалары аясында облыста көптеген шаралар атқарылуда. Соңғы үш жылда «Нұрлы жол» жоба аясында 60 жоба жүзеге асты. Өткен жылы бағдарлама аясында жеті мектеп салынды. Биыл облыста апатты жағдайда тұрған 5 мектеп бар. Оларды жөндеу бірінші орында тұр. Биыл Орал-Озинки жолы жөндеуі аяқталады, Қазталов, Жәнібек, Бөкей ордасы жолдары жөнделетін болады. Биыл Алғабас ауылына екі км кірме жол жөнделеді. Өткен жылы өңірде 450 км жол жөнделді. Алдағы уақытта 336 км жол салынады, оның ішінде Сырым ауданы да бар. Облыс көлемінде Бес әлеуметтік бастаманы іске асырудамыз. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері «7-20-25» бағдарламасы аясында 1 млрд 100 млн теңгеге 145 пәтер берілді. «Тұрғын үй» бағдарламасы бойынша биыл көптеген үйлер салынады. Сырым ауданында былтыр 54 үй пайдалануға берілді. Облыста тұрғын үй кезегінде жиырма мыңнан астам адам кезекте тұрса, оның 90 пайызы қалаға тиесілі.

Жалақысы төмен отбасылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту назарда. Жеке тұлғаның табысына салынатын 10 пайыз салық еңбекақысы 63 мыңнан төмен азаматтарда 10 пайыздан 1 пайызға дейін төмендетілуде. Яғни, әрқайсысына 5000 теңге таза пайда түседі. Бір қарағанда, аз ақша болып көрінгенімен, коммуналдық шығындарды өтеуге сеп болады. Салықтың төмендігіне байланысты мемлекеттік бюджеттен жылына 4 млрд теңге төлеп тұрамыз. Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту. 2018 жылы жастарға 148 грант берілді. Бүгінгі таңда 1800 студентке арналған бес жатақхана жобалық-сметалық құжаттары жасақталуда. Сырым колледжінде 131 студент білім алуда, оларға барлық жағдай жасалған. Шағын несие беруді көбейту мақсатында былтыр облыста 4 млрд 300 млн теңгеге несие берілді. Ауыз су мен газ – тұрмыс сапасын арттыруда ең алдымен қажет. Былтыр 110 елді мекенге ауыз су жеткізілді. Кеңащы-Жымпиты топтама су құбырын жүргізу – сіздердің аудандарыңыз үшін маңызды жоба. Бұл жоба міндетті түрде шешімін табады. Бүгінгі жиында көтерілген мәселелерге келсек, аудан әкімінің деңгейінде шешілетін сұрақтар да болды. Спортшы ардагерімізді елеусіз қалдыруға болмайды, оны шешеміз. Біз қазір бес жылға арналған даму жобаларын жасап жатырмыз. Оның ішіне ауданға басты қажеттіліктер енгізіледі. Ешкімнің сауалы елеусіз қалмайды,-деді Ғали Нәжімеденұлы.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғали Есқалиевке Сырым ауданының жасалған және жасалатын жобаларды, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат жастар жылында ашылатын коворкинг орталықтың жобасын, атқарылатын жұмыстарды таныстырды. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық орталығының директоры Айнұр Мұхамбетжанова қолөнер бұйымдарын назарға ұсынды.

Айнагүл Ойшыбаева, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі:
– Жыл айналып келетін осы бір есепті кездесу өткенімізді бағамдап, келген жылға жоспарлар құратын келелі кеңес деп есептейміз. Былтырғы істерімізге марқайып қана қоймай, биылғы жасалатын жұмыстарға ойларымызды қосып отырамыз. Аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлының қызметіне, есебіне оң бағамды беремін. Елім деген ертеңіне елеңдеуді тұрғындар тобықтай сөзді оймақтай оймен пікірін білдіріп жатыр. 
Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі аудандық мәдениет үйінің екінші қабатында орналасқан. Музейде қазір бес мыңға жуық қор бар. Және күн өткен сайын құнды жәдігерлер көбейіп келеді. Былтыр республикада «Үздік музей» атандық. Біздің музейге жолдың бойында орналасқан Алашорда көшесіндегі қос қабатты ғимарат берілетіні бұған дейін айтылған болатын. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, қаржысы есептеулі тұрған болса, облыстан қаржы көздерін табуға көмек көрсетілсе деймін. Жымпитыда С.Датовтың көшесінде Алашорданың музейі орналасқан, енді Алашорданың көшесіне С.Датовтың музейі көшірілсе, ғанибет емес пе?

Гүлбақша Ерғалиева, ардагер ұстаз, аналар кеңесінің төрайымы:
– Биылғы есеп беру жиынындағы аудан әкімінің баяндамасын тыңдадық, бейнроликтен жасалған жұмыстарға да көзайым болдық. Жасалған жұмыстар – аудан әкімінің қызметкерлерімен бірге атқарған істері, жеткен жетістіктері. Төлеген Серікқалиұлы қоғамдық кеңесте де есебін берді. Есебіне көңіліміз толды. Енді қойылған міндеттерге басымдылық беріліп, қолға алынуы тиіс. Мен ардагер ұстаз ретінде Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған соң, балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының күрделі жөндеуден өткізу қажеттігін айтқым келеді. Жобалық-сметалық құжаттары жасалып, енді жөндеу жүргізуге 52 млн теңге қаражат керек екен. Бұл ғимарат 1972 жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген. Тек 2017-2018 жылдың өзінде шығармашылық орталығының шәкірттері 8 халықаралық, 16 республикалық, 21 облыстық байқаулардың жеңімпазы атанды. Мұнда Мұнда 347 бала 25 үйірмемен қамтылған. Олармен 35 қосымша білім беру педагогтары жұмыстануда. Ғимараттың сәнді, заманауи болуы жас ұрпақтың шығармашылығын шыңдай түсіп, мәдениеттілігін де арттырары сөзсіз. Облыс басшылығынан жасөсіпірімдер мен балалар шығармашылығы орталығын күрделі жөндеуге қаржы бөлуді сұраймын.