Қазақстан Республикасы Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 12-қадамын орындау мақсатында, бекітілген Ереже бойынша, барлық мемлекеттік мекемеде, сонымен бірге аудан әкімдігінде Әдеп жөніндегі уәкіл функциясы енгізілді. Әдеп жөніндегі уәкіл функциясының енгізілуі, мемлекеттік қызметшілер тарапынан мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама мен Әдеп кодексі талаптарының сақталуына, ұжымда қалыпты жағдайдың орын алуына, алдағы уақыттарда өз нәтижесін беріп, маңызды роль атқаратындығы белгілі.

Жалпы, уәкілетті өкіл лауазымының негізгі мақсат-міндеттері қандай? Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігі олардың жұртшылық алдындағы мемлекеттік басқару органдарының имиджін анықтайтын мінсіз әдеп мінез-құлықтарымен қатар жүруі керек.

Халық мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отанына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы тиіс. Осы ретте біздің негізгі қызметіміз мемлекеттік органдардың қоғамдағы рөлін күшейту және мемлекеттік қызметкерлердің имиджін көтеру екенін ерекше атап өткен дұрыс. Бұл бойынша өткен жылдардан бері ауданымызға қарасты барлық ауылдық округтерді аралап, мемлекеттік қызметкерлердің Этикалық кодексі нормаларын түсіндіріп келдік.

Расын айту керек, күнделікті тұрмыста тұрғындардың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімдерінің аздығы жайында естіп жатамыз. Тіпті, әлдекім мемлекеттік қызметке жұмысқа орналаса қалса, «тірегі бар», «жоғарыда көкесі отыр», деген сияқты әңгімелер тарап жатады. Бұл жай сөздер, қауесет. Міне, біздің лауазым бір жағынан осындай алыпқашпа сөздердің болмауы үшін де жұмыс атқарады. Басты міндет – мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру. Айта кету керек, Әдеп жөніндегі уәкілдін негізгі міндеті – жазалау емес. Уәкілдің қызметі ең алдымен мемлекеттік қызмет туралы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнама талаптарының және қызметтік әдеп нормаларын бұзудың алдын алуына бағытталған.

Қандай жағдай болсын, мемлекеттік қызметкерлер халықпен сыпайы, салмақты түрде сөйлесуі тиіс. Әдеп жөніндегі уәкіл, жалпы мемлекеттік қызметкерлер – мемлекеттің сенімді өкілдері. Сондықтан да мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасының және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетіп тұрамыз. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, қалпына келтіру біздің жауапкершілікке жатады. Уәкіл жұмысының маңызды бағытының бірі – жылына екі рет ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуалды анонимді сауалнама арқылы зерделеу.

Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстардың нәтижесі жаман емес. Жылдық қызмет жоспарымыз бекітіліп, сол бойынша жұмыстанып келеміз. Жоғарыда айтып өткенімдей, Әдеп кодексі талаптарын орындау бойынша мемлекеттік мекемелерде, ауылдық округтерде болып, азаматтармен кездестік. Әдеп жөніндегі уәкіл ретінде этикалық және коррупциялық заң бұзу оқиғаларының алдын алу жұмысын іске асыруға бағыт алдық. Қызметтік этика нормаларын орындау барысына мониторинг жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әр мекемедегі, ауылдағы мемлекеттік қызметшілерге қолайлы моральдық-психологиялық климат қалыптастыруға ықпал етуге тырыстық. Негізі, қызметшілер құқығы бұзылған жағдайда біз оларды қалпына келтіру шараларын жасаймыз, мемлекеттік орган басшылығына заң бұзуға итермелейтін себептер мен жайттарды жоюға қатысты ұсыныстар айтамыз, азаматтық қоғам институттары мен өзге мемлекеттік органдармен бірлесіп әрекет етеміз, қызметшілер мен азаматтарды қабылдаймыз. Ерекше атап өтер бір жәйт, уәкіл ретінде болашақ жас мамандарды мемлекеттік қызметтегі перспективалар туралы, кадрлар саясатындағы меритократия және «әлеуметтік лифт» қағидаттары туралы хабардар еттік. Осылайша, ауданымызда Ұлт Жоспарында көзделген мақсаттарды жүзеге асыру барысында, оның ішінде мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігін, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға сәйкес жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жұмыстар жалғаса береді. Негізінен, мемлекеттік қызметке жас мамандарды көбірек қатыстырғымыз келеді.

Мемлекеттік қызметкер болу – зор құрмет, сондықтан да кәсібилікпен бірге жоғарғы адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал. Мемлекеттік қызметте тұруға үміткер адамдар халық алдында жауапкершілікті сезіне білуі үшін алдымен мемлекеттік қызметтің беделін көтеру керек. Оның имиджін қалыптастыру идеологиялық, саяси және мәдени аспектілерді көздейтіні хақ. Елдің сенімді өкілдері қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға тиіс. Мемлекеттік қызметшілер жұмыс уақытынан бөлек, бос уақытында да Әдеп кодексін қатаң ұстауы міндетті.

Халық мемлекеттік қызметшілердің жұмысына қарап билікке, оның қарапайым халыққа деген көзқарасына баға береді. Бұдан мемлекеттік қызметкерлерге артылған жауапкершіліктің маңыздылығын байқаймыз.

Кез келген мемлекеттік қызметші жұмысқа тұрғаннан кейін үш күн мерзімде Әдеп Кодексінің мәтінімен танысуы тиіс. Әуелі, ол қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің негізгі міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға тырысуы керек. Қазіргі кезде осы айтылған мәселеге байланысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуі, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы қатаң сақталғаны жөн. Мемлекеттік қызметшілер қызметтік жағдайларын және онымен байланысты мүмкіндіктерді қоғамдық және діни бірлестіктердің, басқа да коммерциялық емес ұйымдардың мүдделеріне, оның ішінде өзінің оларға көзқарасын насихаттау үшін пайдаланбауға тиіс.

Елбасының еліміз әлемнің дамыған елдерінің қатарына енуі үшін қазақстандық қоғам алдына қойып отырған міндеттері мемлекеттік қызметшіге жүктелетін жауапкершілікті еселей түспек. Сондықтан осы саладағы жаңғыртулардың маңыздысы мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің қоғамға қызмет етуіне бағытталуда екені белгілі. Көрсетілген реформалардың нәтижелі іске асырылуына кәсіби білікті, өз ісін жетік меңгерген адал мемлекеттік қызметшілердің қатары көбеюі өз септігін тигізері анық. Жалпы, заманауи мемлекеттік қызметте кадрларға деген кәсіби талаптар басты қағида болуы тиіс. Оның кәсіби сапасы арқылы мемлекеттік органдардың жұмысы бағаланады. Сондықтан әрбір адам мемлекеттік қызметпен тағдырын байланыстыра отырып, халықтың алдындағы үлкен жауапкершілік екендігін түсінуі қажет. Себебі, мемлекеттің мәртебесін көтеруге, алдыңғы қатарлы 30 елдің қатарынан көрінуіне мемлекеттік қызметшінің қосатын үлесі зор.

 

Е.Сарсенов

Аудан әкімі аппаратының басшысы,

Әдеп жөніндегі уәкіл