Сырым ауданына 3 мамыр күні "Astana Musical" мемлекеттік театры гастрольдік сапармен келмек. Театр сырымдықтарға "Қыз Жібек" этно-фольклорлық мюзиклін сахналап ұсынатын болады. Көркемдік жетекшісі – жерлесіміз Асхат Маемиров. 

«Astana Musical» мемлекеттік театры туралы кеңірек тоқталайық.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына қарасты «Astana Musical» Мемлекеттік театры ұлтымыздың төл мәдениетін көтеріп, рухын асқақтатып, өнерін өркендетуге қосқан сүбелі үлесі бар жас театрлардың бірі. 

«Astana Musical» Мемлекеттік театрының шығармашылық құрамы 100 % жастардан құралған. Құрылғанына 3-жыл болған жас театр осы күнге дейін «Қыз Жібек» мюзиклімен Берлин (Германия) –– Париж (Франция) – Вена (Австрия) -Брюссель (Бельгия) - Мәскеу (Ресей) бес мемлекетке «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үлкен гастрольдік турне жасады. Аталмыш турне тәуелсіздік алған жылдардағы Қазақстан театрлары арасындағы ең үлкен тарихи оқиға болды.