Кеше Сырым ауданында ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Қадыр Мырза Әлидің туған ауылы Жымпитыда ІІ республикалық Қадыр оқулары аяқталды. Ауданға Қазақстанның қиыр-қиырынан келген қонақтар Сырым шыққан төбедегі кесенеден қарсы алынды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қонақтарға қош келдіңіздер айтып, Қадырдың бір ауызбен өлеңімен жылы лебізін жеткізді. В.И.Шубин атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Ғарифолла Ғабдолов ауданның тарихы жайлы толғанып, аудандық балалар саз мектебінің мұғалімі Дархан Қажығалиев ауылдың алты ауызына салды. 

Қонақтар Сырым кесенесіне гүл шоқтарын қойып, тәу етті. Ақ пен бауырсақтан ауыз тиіп, аудан орталығы Жымпитыға жол тартты. 

Қадыр ескерткішіне тәу ете келген байқау қатысушыларына аудандық, облыстық Қадыр оқуларының жүлдегерлері өлең оқып, әдеби монтаж көрсетті.
Сырым ауданы әкімдігінің төл жобасына айналған, екінші рет өтіп отырған шығармашылық шараға Алматы, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтан, Қызылорда, Шымкент қалаларынан және Сырым ауданынан барлығы 38 оқушы қатысты. Олар үшін Сырым батырдың кесенесінің алдынан салтанатты қарсылау ұйымдастырылды. 

Оқушылар Қадырдың өлеңдерін жатқа оқу, өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау және ақынға арнаған өз шығармаларын оқу бойынша сынға түсті. 

Түске дейін аудандық мәдениет үйінде Қадыр оқулары байқауының ашылу салтанаты өтті. Шараға үміткерлерден бөлек ауданның, облыстың тіл жанашырлары, өлеңсүйер халқы да қатысты. 

Салтанатты рәсімде Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев, Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері», ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директоры, «Сырым ауданының құрметті азаматы» Донеділ Қажымов сөз сөйледі.

ІІ республикалық Қадыр оқуларының «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» атты Қадырға арналған оқушылар өлеңін оқу бөлімінде Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі, жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің директоры Аягөз Хамзина, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын, ардагер журналист, «Сырым ауданының құрметті азаматы» Махмет Қажиахметов, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің редакторы, Халықыралық айтыстар ақындары мен жыршы-термешілер одағының мүшесі, айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлы, БҚО білім басқармасының облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлсім Дүйсенғалиева қазылық етті. «Сөздің бәрі құдіретті...» Қадыр Мырза Әлі шығармаларын жатқа оқу бөлімінде М.Өтемісов атындағы БҚМУ филология факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев, «БҚО білім саласының ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, зейнеткер ұстаз Өтебай Құспанов, БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Райхан Жұмағазиева, тіл жанашыры Мүтәлі Төреғалиев үміткерлерді бағалады. «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» Қадырдың сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде Қазақстан Республикасының «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директоры, «Сырым ауданының құрметті азаматы» Донеділ Қажымов, Батыс Қазақстан облыстық Құрманғазы атындағы саз колледжінің директоры, Қазақстан Республикасы білім саласының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұржан Сейтеков, БҚО білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева, Сырым аудандық балалар саз мектебінің директоры, халықаралық байқаулардың дипломанты Бекей Қанатов қазылар құрамында болды.

401 өлеңін жатқа білетін Темірлан

Ақынның шығармаларын оқу бөлімінде бақ сынаған оқушылар әрқайсысы сайдың тасындай іріктелген, «мен» дейтіндей екен. Қатысушылардың мәнерлеп оқу шеберлігі, әртістік қабілеті, дикциясы, өлеңге жан дүниесімен еніп, тебірене оқуы денені шымырлатты. Өлеңнің қасиетін сездіріп, оның да бір құдірет екеніне көзімізді тағы бір жеткізді. Мысалы, Қостанай облысы Рудный қаласынан қатысқан қаршадай қыз Шұғыла Темірханованың киген ұлттық киімі де, өлеңі оқу мәнері, әртістік шеберлігі де қазыларды таң қалдырмай қоймады. Шұғыла былтыр өткен І республикалық Қадыр оқуларына да қатысқан болатын. Ақтөбе қаласынан №63 жылпы білім беретін лицейінен келген Қадырдың «Шыда, шыда», «Тағы да қазақтар хақында», «Домбыра» өлеңдерін мықты әсерлі етіп оқыды. Ол Қадыр ақынның 70 өлеңін жаттапты. 

Бұл бөлімде ақынның 401 өлеңін жатқа білетін сырымдық оқушы туралы Темірлан Маратов бас жүлдені қанжығаға байлады. Темірлан Қадыр оқуларының облыстық кезеңінде де ақынның 371 өлеңін жаттап, бас жүлдені еншілеген болатын. Республикалық байқауға 400 өлеңін жаттаймын деген Темірлан сөзінде тұрып, 401 өлеңге қоса «Қызыл кітап» поэмасын түгел жаттап алыпты. Темірлан Маратовты байқауға дайындаған ұстазы жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі – Самал Батырова. 

Темірлан жайлы қазылар алқасының мүшесі Өтебай Құспанов: 

– Қадыр оқулары қадыртану ісіне екі бірдей пайда келтірді деп ойлаймын. Біріншіден, Қадыр оқуларының ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Ауқым кеңейген сайын, Қадыртану үрдісінің де тынысы ашылады. Екіншіден, республика оқушылары арасында ақын өлеңдерін жаттауға ынтаның артқаны, Қадыр шығармашылығына деген қызығушылықтың артқаны байқалады. Балалар ақынның өлеңдерін мейлінше көбірек жаттауға құмар. Меніңше, биылғы жылдың жаңалығы – Қ. Мырзалиев атындағы мектептің 5 – сынып оқушысы – Темірлан Маратов. Ол Қадыр Мырза Әлидің 401 өлеңін, соның ішінде «Қызыл кітап» поэмасын жатқа біледі екен. Бұл – керемет нәрсе. – дейді қазылар алқасының мүшесі, облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы, Орал қаласының құрметті азаматы Өтебай Қонысбаев.

Қадырдың сөзіне жазылған «Мұхит» әнінің тұсауы кесілді

Байқауда жылдан-жылға географиялық өсім, қатысушылардың деңгейінің де жоғарылауы байқалатыны, Қадыр ақынның өлеңдеріне жазылған әндерді шырқау сайысы жөнінде пікір білдірген Донеділ Қажымов, қатысушылардың тарапынан ізденістің жоқтығы байқалғанын айтты. Себебі, қатысушылардың дені белгілер әншілер репертуарындағы дайын әндерді орындай салған. Ал, Қадырдың «Мұхит» деген өлеңіне арнайы ән жазып, оны өңдеп, Жымпитының сахнасына әкеліп, тұсаукесерін жасаған Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданынан келген Марат Ордабаев пен оның шәкірті, жас әнші Жомарт Маратов қазылардың жоғары бағасына ие болып, бас жүлдені еншіледі. Жомарт балабақшадағы кезінен ән айтып, көзге түскен. Отбасымен түгел ән айтады. Бұған дейін Қадыр әндерін гитарамен орындап жүрген Жомарттың ұстазы Марат Ордабаев республикалық байқауға жаңа ән жазу туралы идеяны ұсыныпты. Шәкіртпен ұстаз ойлана келе, «Мұхит» өлеңіне тоқтапты. 

– Қадыр ақынның 300 – ге жуық өлеңі әнге айналды. Бүгін осы тізім тағы бір әнмен толықты. Жаңа ән – Қадыр оқуларының олжасы! Енді Қадырдың ән қоржынына қосылған жаңа әнді елге кеңірек насихаттау керек. – деді бұл туралы Донеділ Қажымов.

«Өлеңнің шыңы болса – Мырзалиев, Басында ойнар мен болам – құлжа киік!»

Қадыр ақынға арналған жырлардың байқауы «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» деген тақырыппен өтті. 

Қадырға арналған 14 ақынның өлеңінен 14 табиғат, 14 мінез көрінді дей алмаймыз. Себебі, кейбір ақындардың өлеңі ақпараттық сипатта болды, ал кейбірі өлең жазудың техникасын сақтамай, сәйкесінше айтар ойы туындысында дұрыс көрінбей жатты. Қалған екі бөлімдегідей орындаушылық қабілет қана емес, нағыз табиғи талант пен шығармашылық еңбек сыналатын осы бөлімнен біздер жақсы өлең мен жаңа ой естуге құмартқан едік. Бір қуанғанымыз, сол құмарымыздан шықтық.

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Айшабибі орта мектебінің оқушысы Мерейхан Райымбаевтың өлеңі «Бір ана әлдилеген сол бала, Бар қазақ алды бүгін дана қылып» деген әдемі тіркесімен есімізде қалды. Өзіміздің ауданның намысын қорғаған жосалылық Айгерім Ұзақбаева Қадырдың шығармашылығына «Өлеңі – бар қазақтың тағдыры!» деп баға берді. Оқырман іздеген ақындық болмыс, сәтті теңеу, сарабдал ой Нұр-Сұлтан қаласындағы № 61 мектептің оқушысы Қажымұрат Табысбектің өлеңінде бар екен. Оның «Өлеңнің шыңы болса Мырзалиев, Басында ойнар мен болам – құлжа киік!» деген тіркесі Қадыр оқуларына келген жастардың, әдебиеттің кейінгі толқынының ортақ ұранындай естілді. 

Ақынға арналған арнау жырларын оқыған жас ақындарға қазылар белгілі бір тақырыпқа өлең жаздыртып және көрді. Ондағы мақсат – өлеңдегі стиль, мінез сақталады ма, жоқ әлде сақталмайды ма, соны білу. Ақындардың өнерін бағалауда аяқасты берілген тапсырманың шешуші рөл атқарғандығы рас.

Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда

Байқаудың «Сөздің бәрі құдіретті...» Қадыр Мырза Әлі өлеңдерін жатқа оқу бөлімінде бас жүлдені Қадыр өлеңдерін жатқа айтуда рекорд жаңартқан Сырым ауданының оқушысы Темірлан Маратов жеңіп алды. Бірінші орыннан Алматы облысы Өскелді ауданынан қатысқан Гауһар Тұрғанбай көрінді. Ал осы бөлімде екінші орынға Түркістан облысы Мақтаарал ауданы Үлгілі орта мектебінің Данияр Тұрлыбек пен БҚО Жаңақала ауданы Ә.Жангелдин атындағы мектептің оқушысы Мерхат Назимов ие болды. Үшінші орын Нұр-Сұлтан қаласы жалпы білім беретін №61 мектебінің Дана Абзалқызы мен Қызылорда облысы Шиелі ауданы №44 орта мектептің оқушысы Бекзатхан Махамбетке тиді.

«Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, кейбір жырым бақташы боп жүр маңда» атты ақынның сөзіне жазылған әндерді орындау бөлімінде бас жүлде Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданы №9 мектептен келген жас әнші Жомарт Маратовқа бұйырды. Бірінші орынға ие болғаны үшін Нұр-Сұлтан қаласы №69 мектеп гимназиясының оқушысы Ақжол Сабиғат марапатталды. Атырау облысы И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушысы Аманбек Капсалимов, Түркістан облысы Ордабасы ауданынан келген Нұрқожа Сағатхан екінші орынға лайық деп танылды. Үшінші орынға Алматы қаласы Алатау ауданы №182 мектептің оқушысы Бахтияр Зейнелхан, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Үлкен шаған орта мектебінің оқушысы Жасмин Жеңіс ие болды.

Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының директоры Донеділ Қажымовтың алғыс хатымен Қостанай облысы, Рудный қаласы №16 орта мектептің оқушысы Әбілқайыр Қанафин марапатталды. Оған Қадыр ағаның өзінің даусымен жазылған 25 өлеңі бар дискі табыс етілді. Қостанай облысы Рудный қаласы №7 мектептің оқушысы Шұғыла Темірханова да Қадыр Мырза Әлі қорының сыйлығына ие болды. Шұғылаға қазылар алқасының мүшесі, Қадыр Мырза Әлі қоғамдық қорының мүшесі, тіл жанашыры Мүтәлі Төреғали ақшалай сыйлық табыстады. Қадырдың сөзіне ән жазған, «Мұхит» әнінің авторы Марат Ордабаевқа да Д.Қажымов естелік сыйлық ұсынды.

Балғын жырларын Қадырша өрген өрендер өнер көрсеткен «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін» атты Қадыр Мырза Әліге арналған шығармаларын оқу сайысында бас жүлдені Батыс Қазақстан облысы С.Сейфуллин атындағы №11 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептің оқушысы Ақгүлім Ерболова жеңіп алды. Жүлделі бірінші орынды Нұр-Сұлтан қаласының балғын шайыры Қажымұрат Табысбек иеленді. Алматы облысы, Панфилов ауданынан қатысқан Алуа Асқар мен Қызылорда қаласынан келген жас ақын Жанель Жайыққа екінші орын лайықты деп шешіпті қазылар алқасы. Үшінші орын Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген Әсел Рымбаева мен Жамбыл облысы Жамбыл ауданының намысын қорғай келген Мерейхан Райымбаевқа тиесілі болды. 

Сырым ауданы әкімінің арнайы жүлдесін Т.Төреғалиев Атырау облысы Құрманғазы ауданы Ы.Алтынсарин орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дильназ Хатмиоваға табыс етті. Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің директоры Марат Ақбасов мектептің арнайы жүлдесін Қостанай облысы Рудный қаласынан келген қатысушы Шұғыла Темірхановаға берді.

Гала концертте бас жүлде иегерлері өнерлерін ортаға салып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Айтқымыз келгені...

Қадыр оқуларының республикалық ауқымға көтерілгені әрі дәстүрлі шараға айналғанына біз бек қуаныштымыз. Бірақ, дәстүрлі дегенді бірсарындылық дегенмен шатастырмасақ екен. Айтқымыз келгені, осымен нешінші жыл Қадыр оқуларындағы бөлімдердің тақырыптары өзгермей келеді. 

Аудандық деңгейдегі оқулар да, республикалық деңгейдегі оқулар да – айналдырған үш тақырыптың аясынан шыға алмай тұр. Баяғы, «Кейбір жырым дән ұшырып қырманда, Кейбір жырым бақташы боп жүр маңда!». Баяғы, «Сөздің бәрі құдіретті...» Сол баяғы, «Қуып шығар қызыл сөзді ой кейін!» Бұл таптаурын тақырыптарды ауыстыратын уақыт болды. Ұйымдастырушылар біздің пікірімізбен санасады деп сенеміз.

.