Сырым ауданында «Nur Otan» партиясының 20 жылдығы және мәслихаттың 25 жылдығына орай салтанатты шара өтті.

Мәслихаттың барлық шақырылымындағы депутаттар бас қосып, Сырым, Алаш саябақтарына, Қадыр алаңына аялдап, гүл шоқтарын қойды. Ауған соғысының ардагерлеріне арналған саябақта ағаш көшеттерін отырғызды. Музейді аралап, жәдігерлердің тарихи сырларына қанықты.

Аудандық мәдениет үйінде жалғасқан салтанатты шарада аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сөз алып:

– Елбасымыз, Тұңғыш Президент Н.Назарбаев өзінің Жолдауында: «Еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Ондағы басты мақсат – Қазақстанның дамыған отыз мемлекеттің қатарына қосылуы. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет»,- деп атап өткеніндей, Мәңгілік Ел стратегиясынан туындаған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда бірлескен жұмыстар нәтижелі болады деп сенемін. Халық қалаулыларына деген ел сенімі арта берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,-деп тілегін білдірді.

Т.Төреғалиев «Сырым ауданының Құрмет грамотасын» Әнуарбек Ғалымов, Марат Қадыров, Роза Ихсанова, Бақытжан Хамидуллин, Ернар Байдашевқа табыс етті. Сырым ауданы әкімінің алғыс хатын Ерболат Аткаев, Нұргүл Райымова, Бауыржан Раянов, Қарлығаш Исатаева, Гүлнұр Кадироваға тапсырды.

Облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар: 

– Сіздерді облыс басшылығы атынан республикамыздағы үлкен саяси күш болып табылатын, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы төрағасы болатын «Nur Otan» партиясының 20 жылдығымен және Қазақстан мәслихаттарының өкілді орган болғанына 25 жыл толуымен құттықтаймын. 25 жыл ішінде мәслихаттар осы қоғамды қалыптастырып, оған еңбек етіп, Тәуелсіз еліміздің шаңырағы биік, іргесі берік болуына атсалысып келеді, -деп бастап, бүгінде мәслихат депутаттарына жүктелген үлкен міндеттерге тоқталды.

Мәлік Иманқұлұлы облыстық мәслихат хатшысының алғыс хатын Төлеген Төреғалиев, Талғат Дарғожиев, Мүтәлі Төреғали, Асхат Дүйсенғалиев, Владимир Джумагалиев, Аида Ниязғалиева, Жеңіс Шапешовке табыс етті.

Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева мәслихаттар мен өзін-өзі басқарудың маңызы зор екенін, мәслихаттардың құрылу жайы, құзіреттіліктері, ширек ғасырдағы тарихы, осы кезге дейін мәслихаттар сайлауы алты рет өткізілгені туралы айтты. 
– 1994 жылдың 7 наурызында ҚР «Жоғары Кеңесінің және жергілікті өкілді органының депуттаттарын сайлау жөніндегі заңына» сәйкес, 15 аудандық округте сайлау өткізіліп, 15 мәслихат депутаттары сайланды. Бірінші сессияда ұйымдық мәселелер қаралып, мәслихат хатшысы болып №14 Алғабас сайлау округінен депутат Бақтығали Тілегенов сайланды,- деді Шынар Сайлауқызы.

Сырым аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиеваның алғыс хатына ие болған әр шақырылымдағы депутаттар қатарында Гүлзира Қажмұратова, Алмагүл Бисалиева, Тауфик Елеубаев, Алмагүл Орашева бар.

«Nur Otan» партиясының облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлейменнің алғыс хатын Ағиба Төлегенова, Сәния Отарова, Беркінғали Дәулетов, Ғанимат Нұрмұханов, Досжан Тайшиевке партияның Сырым аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Дарғожиев табыстады.

Салтанатты шара аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.