Сырым ауданы, Өлеңті ауылында екі апта бұрын жастар саябағының құрылысы басталды. Жымпиты ауылдық округінің әкімдігі Жастар жылына орай осындай игі бастаманы жүзеге асыруда.

Саябақтың көлемі 4415 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта шарбақтар орнату мен ауланың ой – шұңқырын тегістеу жұмыстары жүріп жатыр. 

- Бұл орын алдағы уақытта өлеңтіліктер үшін мәдени мекенге айналады деп ойлаймыз. Саябақтың ауласына сыртқы сахна, көше спортына арналған жабдықтар орнату ойымызда бар. Бұл жұмыстарға ауылдың азаматтары қолдау білдіреді, көмектеседі деп ойлаймыз. – дейді Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов.

Округ әкімінің айтуынша, абаттандыру жұмыстарына пайдалану үшін бұл жерге техникалық су тартылмақ. Бүгін Сырым колледжі студенттерінен құралған «Сырым жастары» еріктілер тобы жаңа саябақтың ауласына 25 түп көктерек көшетін отырғызды. Кейін құрылыс жұмыстарына жәрдем берді.