«Саған күшік керек пе?» деген фильмді көрген шығарсыз. Әңгіме, мүлде кино туралы, тіпті күшік жайлы да емес.

Жымпитыдағы сенбілік жәрмеңке жайлы. Режиссер Қанымбек Қасымбековша айтсақ, «Саған көжек керек пе?» Керек болса, ертемен Жымпитыдағы сенбілік жәрмеңкеге келуіңіз керек еді. Осы жерде үй қоянының көжектері 500 теңгеден сатылды. 

Осы сенбіде Талдыбұлақ ауылдық округінің тұрғындары қара өрік, таңқурай және құлпынай сияқты жемістердің көшеттерін сатты. Келушілер көшеттерді 300 теңгеден, ал гүлдердің түптерін 150 теңгеден сатып алды. Аралтөбе ауылдық округінің жеке кәсіпкері Айғали Қадырбековтың арнайы құтыланған саумалы 1200 теңгеден, (сонда литрі 800 - ден) сатылды. 

Жәрмеңке жаймасында келісі 1800 теңгеден жылқының еті, 1400 теңгеден сиыр еті болды. «Жомарттың балығын» іздегендерге балықшы Жомарт Өлеңтіден ауланған сарытұқы мен қара балықтың келісі 700 теңгеден берді. 

Әдеттегідей, Жымпитыдағы жәрмеңкеде сүт өнімдері өте жақсы сұраныста. Дегенмен, тұрғындар сары майдың бағасын әлі де арзандатса деген ұсыныс айтып жатыр.

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ