Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік саласын мемлекеттік қолдау бағытына арналған кеңес болды. 

Арнайы кеңес жұмысына аудан әкімі Төлеген Төреғалиев төрағалық етіп, ауданға қарасты дербес бөлімнің басшылары, ауылдық округтің әкімдері, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалығының жетекшілері қатысты.

– Ауыл шаруашылығы саласының екі бағыты егін және мал шаруашылығына, өнімді қайта өңдеу саласын дамытуға мемлекет тарапынан ауқымды шаралар жыл санап нығайып келеді.

Ал, «Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету және жеке қосалқы шаруашылықтарды пайдалану арқылы агроөнеркәсіп кешен өнімдері өндірісінің көлемдерін арттыру, азық-түлік қауіпсіздік мәселелерін шешу туралы» бағдарламасы аграрлық сектордың болашағын айқындауда үлкен рөл атқаратындығы белгілі. Өткізіліп отырған келелі кеңес осы тұрғыда баршаңызды толғандырып жүрген сауалдарға нақты жауап беріп, көңілдеріңізден шығады деген ойдамын,- деді өзінің кіріспе сөзінде аудан әкімі Төлеген Серікқалиұлы.

Алқалы жиын барысында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сатқан Өмірзақов, облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Қазыбек Ташимов мал басын асылдандыру, мемлекет тарапынан бөлінетін өтемақы жәйі, мал ауруларының алдын ала білу, атқарылар жұмыстар бағыты жөнінде кеңінен тоқталып, хабарлама жасады.

Сондай-ақ жиын барысында облысқа қарасты әр сала бойынша қатысқан бөлім басшылары негізгі бағдарламаларға сәйкесті мал, техника сатып алу, арнайы қорлар арқылы пайыздық деңгейде жеңілдетілген несиеге қол жеткізу бағыты бойынша түсіндіріп өтті. 

Жиында облыстан келген қонақтарға көкейлерінде жүрген ұсынбаларын айтқан шаруа жетекшілері де болды.

Мәселен, аудандық мәслихат депутаты, «Шідерті» шаруа қожалығының жетекшісі Бақытжан Хамидуллин малдың жем-шөптік қордан тапшылық көрмеуі үшін екпелі шөпті өсіруді қолға алу ол үшін жоғары жақтан арнайы өтемақы бөлу жәйін алға тартса, облыстық мәслихаттың депутаты, «Жібек жолы» шаруа қожалығының басшысы Ғанимат Нұрмұхановты бүгінде мал бағатын бақташы, құрылысқа құрылысшы, техника рөліне отыратын механизатор, шопырдың «құдық ішінен ине іздегендей» іздесең таптырмайтын қиын түйінге айналғандығы қатты мазалайды екен.

Әрине, айтылған ұсынбалар орынды. Бұл ұсынбалар жөнінде облыстан келген басшы тұлғалар да, аудан әкімі де өзіндік ой-пікірлерін ортаға салып, қиындықтан шығудың жолдары жөнінде келелі мәселелерді айтты.

Жиынды аудан әкімі Т.Төреғалиев қорытындылап, үкімет тарапынан беріліп отырған қолдау, көмекті іске асыра білу, көпшілік арасында үгіт-насихат жұмысын белсенді жүргізу, мал арасындағы жұқпалы дерттерге қарсы шараларды кеңінен қолдану жәйіне тоқталып сөз сөйледі.