Бүгінгі тілі басқа болса да, тілегі бір, жүзі басқа болса да, жүрегі бір 130-дан астам ұлт пен ұлыстың тойы – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі Сырым ауданында кеңінен тойланды.

Таңертең Сырым саябағынан аудан орталығындағы 60-қа жуық мекеме сап түзеп, қолдарына ту, шар ұстап, ұрандатып, мерекелік шеруге шықты. Салтанат құрған шеру орталық алаңға дейін жүріп өтті.

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады.
– Құрметті аудан тұрғындары! Баршаңызды 1 мамыр –Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! 23 жыл бойы Елбасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жарлығымен бүгінгі күнді еліміздің барлық халқы атап өтіп келеді. Олар Қазақстандағы бірлікті паш етуде. Осынау үлкен мейрам Қазақстан халқының басты құндылығы –егемендігіміздің арқасында тойланып отыр. Егемендіктің кепілі –қазақстандық барша халық. Еліміздегі 130-дан астам ұлт пен ұлыс бүгінде басты байлығымыз – Қазақстан халқының бірлігін көздің қарашығындай сақтауға мүдделі. Біздің аудан халқының 98,7 пайызы қазақ болса, 1,3 пайызы – орыс, украин, татар, неміс, басқа ұлт өкілдері. Олар ауданның экономикасын көтеруде, болашақта Мәңгілік Ел болып қалуымыз жолында бірігіп еңбек етуде, - деді Төлеген Серікқалиұлы.

Орталық алаңдағы сахнада "Қазақстан халқының бірлігі жасасын!" атты мерекелік концерт жалғасын тапты. А. Сарғозиева жетекшілік ететін Үлгілі "Аружан" би ансамблі түрлі ұлттардың биін билеп, шараны шырайландыра түсті. Аудан көркемөнерпаздары алуан ұлыстардың өнерін көрсетті.

 

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА