Кеше Сырым ауданына гострольдік сапармен «Astana Musical» мемлекеттік театры келді.

Театрдың көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Тұңғыш Президентінің «Болашақ» халықаралық степендиясының иегері, филосифия ғылымдарының докторы Асхат Маемиров бастаған өнер ұжымын сырымдықтар тарихи орын – Сырым шыққан төбенің маңынан дәм – дастарханмен, қазақы сән – салтанатпен қарсылады. 

«Astana Musical» мемлекеттік театры - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Қазақконцерт» Мемлекеттік концерт ұйымы» РМҚК жанынан ашылған алғашқы мамандандырылған мюзикл театры. Шығармашылық құрамы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Қазақ ұлттық Өнер университетінің түлектерінен жасақталған жас театр осы күнге дейін шетелдің біраз қалаларында өнер көрсетіп сол арқылы қазақ өнерін әлемдік деңгейде насихаттап үлгерді. Олар кеше сырымдық көрерменге «Қыз Жібек» этно – фольклорлық мюзиклін ұсынды. 

Халық «Қыз Жібек» жырының жалпы мазмұнымен таныс. Қыз Жібек пен Төлегеннің арасындағы мөлдір махаббатты, Базарбайдың болмысын, Бекежанның қатыгез мінезінің арғы жағындағы ғашықтық сезімді актерлік шеберлікпен қоса музыкамен әрі шебер хореографиямен жеткізген театр өздерінің қазақ өнерінің жаңалығы екенін дәлелдеді. 

Мюзиклдің соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйледі. 

«Astana Musical» мемлекеттік театры Сырым ауданындағы сапары туралы толық материалды «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің келесі санынан оқи аласыздар!

 

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ