Сырым ауданына ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаменті басшысы, Әдеа жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысы Рустам Ақмырзаев келіп, аудандық аурухана, жұмыспен қамту орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, Жымпиты ауылдық округі әкімдігі, білім беру бөлімінде болып, жұмыс барысымен танысты. 

Болат Әлмұханұлы «Nur Otan» партиясының Сырым аудандық филиалында азаматтарды қабылдады. Қабылдауда болған тұрғындар мемлекеттік қызметке өткісі келетінін, тапсыратын 9 заңның тәжірибесі жоқ жас маманға қиындығы, басқа салада жасаған еңбек өтілін есептеу, мемлекеттік қызметшілерді «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатыстыру, функционалдық міндеттер мен қажетті мамандықтарға өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын жеткізді. 

Облысымызда құрылған «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасының басшысы, «Ақжол» шағын және орта бизнесті қолдау қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің директорлар кеңесінің төрайымы Әлия Салиева, жоба басшысының орынбасары, облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер және архивтер басқармасының бөлім басшысы Орынбек Насимуллин, жобаның қызметкері, «Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Мира Отарбаева аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен өткен жиынға қатысты.
Жиында «Ақжайық – адалдық алаңы» жобасы талқыланып, пікір алмасу бағытында өтті. Аудандық мобильдік топ ұсыныстарын ортаға салып, облыстан келген басшылар оның ескерілетінін айтты. Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиеваны жүкті әйелдердің жайы мазалайды екен. «Олар жүктілік кезінде УДЗ-ға 4 рет жіберіледі екен, бәрі бірдей тегін зерттеуге ілікпейді, көп балалы, аз қамтылған отбасының аналары үшін Орал қаласына УДЗ-ға бару қалтаға соғады. Осы жағынан көмек қарастырылуы керек»,- Шынар Сайлауқызы.

Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов ауылдық округтерде де тұрғындар үшін электрондық цифрлық қолтаңба алу мүмкіндігі болуы керектігін, аудан орталығына келіп-кету шығындары оңай тимейтінін айтты.