Биылғы жылды тұңғыш Елбасы жастар жылы деп жариялап, басымдықты жастарға бергендігі бәрімізге мәлім. Өз сөзінде тұңғыш Елбасы шағын және орта кәсіпкерлікті жастар арасында дамытуға тапсырма берген болатын.

Сөзімізге тұздық болсын, Жымпитылық Қайырғалиев Самғат есімді азамат қазіргі таңда бөдене шаруашылығын қолға алған. Алғашында Орал қаласынан өз қаражатына бөдене сатып алған. Самғаттың сөзіне сүйенсек, ол мемлекеттік грантқа ие болып, бөдене шаруашылығын дамытсам деген игі ниеті бар екендігін жеткізді. Қазіргі таңда Самғат бөдененің үш түрін, яғни, техас, манджур, эстондық түрлерін баптап отыр.

Самғаттың алға қойған жоспарлары көп. Оның бірі бөдене жұмыртқасын дүкен сөрелеріне қойып, мектеп асханаларында бөдене жұмыртқаларымен қамтамасыз ету. Медицина мамандарының сөзіне сүйенсек, бөдене жұмыртқасы қаназдыққа, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпе қабынуына, төмен және жоғары қан қысымын реттеуге, ағзаның қорғаныс қабілетін көтеруге, асқазан-ішек ауруларына, бүйрек, бауыр және өт жолдары, сондай-ақ жүрек қан тамырлары ауруларына жақсы ем болатын көрінеді. Әсіресе, асқазан жарасы мен гастритке таптырмас ем. 

Бөдене өсіру негізінен Шығыс Азия елдерінде, соның ішінде, Қытай, Жапония және Үндістанда айрықша дамыған. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысы бойынша Теректі ауданы мен Орал қалаларында бөдене шаруашылығымен тұрақты айналысатын шаруашылықтар бар.

«-Бөдене құсын ауасы жылы жерде бағу керек. Егер жылу азайып кетсе, құстарымның жұмыртқалауы қиындап кетеді»- дейді Самғат.

Нәсібін кәсібінен тауып отырған шаруаның алдында әлі талай мақсат пен талай жоспар бар. Тек мақсат пен мұратқа еңбек қана жеткізетінін түйсінген ол сапалы өнім арқылы кәсібін одан әрі дамытқысы келеді.