Асылында Қаратөбенің қастерлі топырағында осал адам тумайды. Киелі топырақ өзінде өсіп-өніп, өрген перзенттеріне небір жақсы қасиеттерді сіңдіріп барып, ұясынан ұшырады-ау. Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан сырымдық ұстаз Гүлдана Нұғманова алғыс хат пен ҚР Президентінің омырау белгісін алғанын естігенде осы ой тағы да санада жаңғырды. 

Президенттің қолын қысып, алғыс хатын алу – екінің біріне бұйырмайтын бақыт. Ол да адамның бір бағы. Гүлдана Максимқызының Президенттен алғыс хат алатындай жөні бар. Оның тәрбиелеп, томағасын сыпырып, дайындаған шәкірттері екі жыл қатарынан республикалық пән олимпиадасында басқаларға қара көрсетпей, үздік көрінді. Гүлдананың ізеттілігі, сыпайылығы мен сабырлылығы, адамгершілік қасиеті өз алдына бөлек таусылмайтын әңгіме. Күлімдеп тұратын сүйкімді жүзі бір көрген жанды баурап алатын қасиеті бар. 

Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих және құқық пәнінің мұғалімі Нұғманова Гүлдана Максимқызы білім саласында 12 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді.

Ол Қаратөбе ауданының Егіндікөл ауылында мұғалімдер отбасында дүние есігін ашты. Б.Қаратаев атындағы Саралжын орта мектебінде тоғыз жыл білім алған соң, сабаққа алғыр, зерек, талабы таудай Гүлдана 2000 жылы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат кешеніне оқуға қабылданды. Оған дейін медицина маманы болуды армандайтын арудың осы оқу ордасында арман-мақсаты түбегейлі өзгерді. Тарих пәнінен сабақ берген ұстазы Жаңабек Жақсығалиев оның тарих пәніне деген қызығушылығын оятты. Ол пәнді құлшына оқып, іздене оқыды. Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат кешенін 2002 жылы бітірген соң М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың тарих және құқық факультетінен «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандығы бойынша үздік диплом алып шықты. Жас маманның еңбек жолы 2007 жылы өзі білім алған қара шаңырақта оқытушылықтан басталды. 2010 жылы ері Тимурдың етегінен ұстап, тұрмыс құрды. 2012-2014 жылдары Қарағанды «Болашақ» университетінен құқықтану мамандығы бойынша магистратураны тәмамдап, «Заң ғылымдарының магистрі» атанды. 2016 жылдан бері Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің тарих және құқық пәндерінің мұғалімі болып еңбек етіп келеді.
Жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбектенетін ұстаз оқушылардың өздігімен ізденіп, шығармашылық қабілеттерін дамытуына жіті көңіл бөледі, ұдайы ізденіс үстінде. «Өрлеу» БАҰО» акционерлік қоғамының филиалы Батыс Қазақстан облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында «Дүниежүзі тарихы» және «Құқық негіздері» пәндері бойынша білім жетілдіру курсынан өтті.

2017 жылы «Азаттық аңсаған алаш арыстары» атты Республикалық ғылыми конференцияда «Батыс алаш орда үкіметінің қайраткері Молданияз Бекімов», Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында 2018 жылы «Туған жер – тұнған тарих» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференцияда «Жымпитының алғашқы сәулет ғимараттары мен олардың тарихы» атты мақалалары жария етіліп, сертификат алды. 2019 жылы облыстық «Тәжірибе. Шығармашылық. Табыс» атты тарихи полилог жобасына қатысып, олимпиадалық сайыстарға оқушыларды дайындау тәжірибесімен бөлісті. «Құқық негіздері» пәні бойынша оқушылардың ғылыми жобалар сайысы мен пәндік олимпиада тапсырмалары» атты әдістемелік құралы баспаға шығарылды. 

Біздің мектепке дейін ЖОО-да студенттерге дәріс берген ұстаз студент пен оқушыны оқытудың айырмасы жер мен көктей екенін айтады.

– Студент берген білімді өзі ізденіп, тереңдетіп әкетсе, оқушы кітапта берілген тапсырманы ғана оқып келеді, сондықтан оларға көп нәрсені үйретуі үшін ұстаздың өзі көбірек ізденіп, оқуы керек. Бүгінде республикалық пән олимпиадасына қатысқан шәкірттерім дайын студент боп шықты. Пән олимпиадасы 4 кезеңнен тұрса, оның ішіндегі тапсырмалары қиыны – облыстық пән олимпиадасының кезеңі. Облыстық кезеңнен жүлде алған оқушы республикалық кезеңде жетістігін қорғай алады. Университетте оқытылатын Қазақстан Республикасының заңдары, кодекстерінен сауалдар республикалық кезеңде кездеседі. Бұл кезеңнің бірінші бөлімінде оқушылар 500 сөзге дейін эссе жазады, онда тақырып бойынша нормативтік құқықтық актілерді ашып, қандай заңмен реттелетінін, Елбасының сөздерінен цитата келтіріп, қоғамдағы маңызы бар мәселе екенін қозғап, халықаралық тәжірибелерде қалай қолға алынғанын тарқатып, соңында өзінің пікірін, ұсынысын қосуы керек. Екінші бөлімде оқушылар жағдаяттарды шешуде Қылмыстық, Әкімшілік кодекстердің баптарының қайсысын қолдану керектігін білуі керек,- дейді Гүлдана Максимқызы. 

Мұғалім пән олимпиадаларына қатысатын оқушының ең бірінші, сөздік қорына, берілген тапсырманы тиянақты орындауына қарап таңдайды екен. Талапты шәкіртпен жұмысты күшейтіп, сабақтан тыс уақытта, аптаның күндерін белгілеп, қыркүйектен бастап пән олимпиадасына дайындықты бастап кетеді екен. Оқушыны жоғары оқу орнының бағдарламасымен әзірлейді. 

Биыл республикалық ғылыми жобалар байқауы 13-16 ақпан аралығында Алматы қаласында «Бөбек» Ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында өткізілді. Конкурстың қорытынды кезеңіне еліміздің барлық аймақтарынан ең үздік 625 жоба ұсынған 811 дарынды оқушылар іріктелді. Алматы қаласында 601 ғылыми жобаларымен 773 жас зерттеуші бақ сынасты. Соның ішінде, 9-сынып оқушысы Шадиар Елеубаева қатысып, ҚР БҒМ ІІ дәрежелі дипломы және күміс медалымен марапатталды. 

2017-2018 жылында Қостанай қаласында өткен қоғамдық гуманитарлық бағыт бойынша республикалық пән олимпиадасының (республикалық) IV кезеңіне Әсем Ұлұқпанова 11-сынып оқушысы «Құқық негіздері» пәні бойынша белсенділік танытқаны үшін алғыс хат пен сертификат иеленсе, Альбина Закина 10-сынып «Қазақстан тарихы» пәні бойынша I дәрежелі дипломы және алтын медаль иеленді.

2019 жылғы Қызылорда қаласында өткен қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиадасында «Адам. Қоғам. Құқық» пәні бойынша 10-сынып оқушысы Айжан Тұрғалиева I дәрежелі диплом және алтын медальмен, сонымен қатар республикалық олимпиаданың қорытындысында көрсеткен үздік нәтижелері үшін «Ең үздік ауыл оқушысы-2019» аталымымен марапатталды. 11-сынып оқушысы Альбина Закина ҚР БҒМ ІІ дәрежелі дипломдары және күміс медалымен марапатталды. 

Астана қаласында өткен «Тарих ата» XIV республикалық қашықтық олимпиадасында 11-сынып оқушысы Инабат Ахметкайрова және 5-сынып оқушысы Ерхан Сагындыков ІІІ дәрежелі дипломдары мен сертификаттарын алды. Алматы қаласында өткізілген Е.Бекмаханов атындағы І республикалық қашықтық олимпиадасында 11-сынып оқушысы Малика Ералиева І дәрежелі диплом және сертификатын иеленді. 

Гүлдананың оқушылары ҰБТ-да да ең үздік нәтижелер көрсетіп келеді. 2018 жылы оқушылары Әсем Ұлұқпанова, Айжан Қайыржан, Айнұр Тасбулатова «Алтын белгі» иегерлері, Әдемі Ізбасар Абай атындағы мемлекеттік университетінің «Тарих-дінтану» мамандығында ЖОО-да грант бойынша білім алуда. 2019 жылы 11-сынып оқушысы Альбина Закина «Адам. Қоғам. Құқық» пәнін таңдап, қазіргі таңда (SDU) Сүлеймен Демирел атындағы университеті ұйымдастырған SPT 2019 олимпиадаға қатысып, 10535 қатысушы ішінен үздіктер қатарынан табылып, 4 жылға жарамды СДУ гранты иегері атанғаны Гүлдана Максимқызы үшін зор мақтаныш. 

Облыс әкімі А.Көлгіновен кездесіп, алғыс хатын алғанда «Енді Президенттен алғыс хат алсам» деп күлген Гүлдана ол кезде Мемлекет басшысының қолынан марапат алу да маңдайында жазулы тұрғанын білмеді. 

«Президентпен кездесіп, оның қолын алып, үлкен әсерде болдым. Болашақта бұдан үлкен жетістіктер мен табыстарға жетуіме себепкер болатынына сенемін»,- дейді.