Бүгін аудандық мәдениет үйінде Халықаралық отбасы күніне орай «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңі өтті. Ұлттық байқауға қатысушы әулеттер саны жылдан-артып келеді. Алдымен ауылдардан қатысқан отбасылар әулеттің тарихынан сыр шертетін бұйымдарынан, жетістіктерінен құралған көрмелерін таныстырды.

Шараға аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов қатысып, құттықтау сөз сөйледі. 

- Елбасының 2012 жылғы Жарлығына сәйкес елімізде ұлттық деңгейде аталып өтілетін шарамыз «Мерейлі отбасы» байқауы оздырылып келеді. 1994 жылдан бастап дүние жүзі бойныша 15 мамыр – Халықаралық Отбасы күні болып белгіленді. Осы байқауда 2015 жылы біздің ауданымыздан қатысқан Кенжебаевтар отбасы облыстық деңгейде үздік деп танылып, республикалық деңгейде лауреат атанған болатын. Аудандағы әр отбасының өзіндік орны бар, олар еліміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына, ауданымыздың алдыңғы қатарда болуына үлес қосып келеді. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген сөз бар. Әрбір отбасындағы берілген тәрбие, ұлағатты аталарымыз бен әжелеріміздің өнегелері баланың елжанды, мемлекетшіл азамат болып өсуіне сеп болары хақ. Аудынымызда 4959 отбасы бар, олардың қатары жылма-жыл артып келеді. Өткен жылдың өзінде 84 жас отбасы некесін қиса, биыл мамырына басына дейін 23 отбасы тіркелді. Бұл еліміздегі тұрақтылықтың, ауданымыздың өсіп-өркендеуінің нақты бір көрінісі деп білеміз. Әрбір отбасының жетістігі – ауданға, елге ортақ. Әрбір отбасының жақсы тәрбие алған ұл-қызы еліміздің ертеңі үшін қызмет ететіні кәміл. Отбасылардың көрмесінде атадан балаға мұра болып келе жатқан, отбасының тұмарындай сақтап жүрген бұйымдарын көрдік. Сіздердің жетістіктеріңіз арқылы келешек ұрпақ өмірде кездесетін отбасылық түйткілдерге төтеп берудің арқасында үлкен жетістіктерге жететінін ұғынуы керек, -деді Асланбек Ахметоллаұлы.

«Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының аудандық кезеңінде бас жүлдені Талдыбұлақ ауылдық округінен Телегеновтар отбасы еншіледі. Хакімғали Телегенов «Атансай» шаруа қожалығының жетекшісі, зайыбы Жібекпен екі ұл, үш қызды тәрбиелеп өсірді. Жас кезінен мал шаруашылығымен айналысып, ұлттық салт-дәстүрді ұстанып келеді. Ұл-қыздары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүр.

1 орынға Жымпиты ауылдық округінен Шайхиевтер отб асы ие болды. Шаңырақ иелері Талғат Шайхиев жары Хадишамен 2 ұл, 1 қызды дүниеге әкелді. Олардан 5 немере, 2 жиен сүйіп отыр. Өнер саласында ауданымызға отбасылық ансамбль ретінде танымал. Отағасы Талғат Шайхиев – 35 жыл тарихы бар республикалық, аймақтық, облыстық байқауларда жүлделі орындарды иеленген «Аққайың» ансамблінің белді мүшесі.

Екінші орынға Елтай ауылдық округінің намысын қорғай келген Шөлеуовтар отбасы иеленді. Бұл шаңырақтың отағасы Мұхтар Шөлеуов отанасы Әлия Қойбағаровамен 3 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр. Түрлі мамандық иелері атанған ұл-қыздары бір шаңырақ астында татулықты ту етіп, бірлігі мол отбасы үлгісін көрсетіп келеді. Отағасы Мұхтар Ғиниятұлы – ұлттық спорт жанашыры, бірнеше рет бәйгелерде ат баптап, атбегілігімен танымал болып жүрген азамат. Бұл отбасының ұл-қыздары спорттың әр түрінен республикалық жарыстарда олжа салып жүр.

Байқаудың үшінші жүлдесі Алғабас ауылының Мұстажаповтар отбасына тиді. Бұл отбасындағы азамат Шынтас Мұстажапов –Алғабас ауылдық мәдениет үйінің үйірме жетекшісі, облыстық, республикалық ән байқауларының лауреаты, жары Бибігүл Оңайбекова – М.Қаналиев атындағы орта мектеп-балабақша кешенінің мұғалімі,1 ұл, 2 қыз өсіріп отыр, халықты өнерімен тәнті етіп жүрген жас отбасылардың бірі.

Сырым аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева байқауда лауреат атанған
Аралтөбе ауылдық оругінен келген Кереевтер, 
Бұлан ауылдық округінен Бегалиевтер мен Ешмұхамбетовтер, 
Жетікөл ауылдық округінен Бисалиевтер, 
Қособа ауылдық округінен Шапешовтар, 
Сарой ауылдық округінен Молдашевтар отбасын марапаттады.