Есептік жиналысқа қатысушылар әуелі Бұлан ауылдық округінің әкімі Тарас Ихсановтың жұмыс қорытындысы жайлы есептік хабарламаны тыңдады. Тыңдағандар әкімнің жұмысына оң пікір білдірді. 

Күн тәртібіндегі негізгі баяндаманы аудан әкімі Абат Шыныбеков жасады. Сырым ауданының 2016 жылдағы әлеуметтік – экономикалық дамуы жөніндегі аудан әкімінің баяндамасы нақты көрсеткіштерге құрылған. Былтырғы жылмен салыстырған да ауданда экономикалық өсім де, салалық ілгерілеу де бар. Кейбір игі жұмыстар бір ізге түскен. Бұлардың қатарына Сырым ауданында аймақтық деңгейде жүзеге асырылып жатқан тарихи – өлкетану жұмыстарын, ауданымызда дүниеге келген еңбек адамдары мен әдебиет, спорт өкілдерінің есімдерін мәңгілету мақсатында шырайлы шараларды айтуға болады. Жалпы, аудан әкімінің баяндамасының тезистері аудандық басылымның бетінде жарияланды. Оқып, толық танысамын деген оқырман жергілікті газетке жүгінер. 
Есептік баяндамаларға қатысты бұландықтар оң пікірлерін білдіруде.

Тыныштық пен бірлік ауылды да, қаланы да, тіпті тұтас елді де жақсылыққа кенелтуде. Біз оған әбден куәміз. Жақсылықтың бәрі көз алдымызда болып жатыр. – дейді олар. 

Ел болғасын мәселе болады. Ауыл тұрғыны Жұмазия Жанғожиева ауданның медициналық қызмет жүйесіндегі жайсыздықтар жайлы мәселені көтерді. Жұмазия Жанғожиева аудандық орталық ауруханадағы кезек мәселесіне мазасы қашқан, не болмаса дәрігерлердің қабылдауына уақтылы кіре алмаған бірінші тұрғын емес. Бұл мәселе ауылдық жерлерде өте жиі көтеріледі. Тұрғындардың сауалына аудандық орталық аурухананың директорының орынбасары Роза Тахамбетова жауап берді. Орынбасар ханымның айтуынша, аудандағы медициналық қызмет халық үшін барынша оңтайлы. Тұрғындар тек ретін білсе болды. 
Мәселеге араласқан аудан әкімі Абат Шыныбеков аудан орталығындағы білікті дәрігерлердің округ орталықтарында жиі болуын тапсырды. Бұл ауылдағы ағайын үшін өте тиімді болады. 

Осы сияқты Бұлан ауылдық округінің тұрғындары ауылдың 2 шақырымдық кіреберіс жолын жөндеу, ауыз судың сапасын қадағалауда ұстау сияқты мәселелерді айтты. Округке қарасты Жамбыл ауылының тұрғындары коммуналдық үйді көгілдір отынға қосу, жөндеуден өткізу жайлы жазбаша өтініш түсірген. Соңғы сауал бойынша аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мейрам Қайырғалиев жауап берді. 
Есептік кездесуді аудан әкімі Абат Шыныбеков қорытындылады.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ, 
Сырым ауданы