21.05.2019 Зейнеткер ана Мәдина Хасанованың көңілін соңғы кездері көп балалы, табысы аз отбасылардың, мүгедек жандардың күнделікті тірліктері жиі мазалаушы еді. 

Тіпті тұла бойында имандылық нұры үйірілген, марқұм анасы Айманның «Қызым көпшіл бол, халің келгенше адам баласына жақсылық жасап, көмектесе біл, одан кішірейіп кетпейсің»,- деген аманат сөзі күні бүгінге дейін Мәдинаның құлағында жаңғырып, адамға көмек қолын созуға ынталы болып тұратындығы бар.

Жалпы білім беретін Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепте қызмет атқарып, зейнеткерлікке шыққан Мәдина Хасанова қол қусыра үйде отыра беруді өзіне жөн көрмеді. Сөйтіп, ұрпақтарымен ақылдаса келе аудан орталығынан мұқтаж жандарға көмек қолын созу ниетіндегі қайырымдылық дүкенін ашу жөніндегі ұсынбасын аудандағы басшыларға да жеткізді.

Әрине, өмір болған соң, адам баласының басында ауыр жағдайлар мен тағдырлардың кездесіп жататындығы баршаға аян. 

Осындай сәттері басына ауыр қайғы орнаған қамкөңіл жандарға сүйеу болып, қайғыларына ортақтаса көмек қолын созудан тысқары қалмайтын Мәдина Хасанованың аялы қамқорлығынан хабардар аудан әкімі Төлеген Төреғалиев, әкімнің орынбасары Асланбек Сарқұлов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Арман Баяндықов бұл игі бастаманы құп көріп, қолдайтындықтарын білдірді. 

Облыс әкімінің «Мейірімді көктем» атты акциясы аясында заңды түрде жалғасын тауып отырған бұл бастамаға оңды көзқарасын танытқан аудан әкімдігіндегі лауазымды тұлғалардың қолдауларымен мәдени-спорт орталығынан арнайы орын берілді.
Сонымен, үстіміздегі жылдың 1 наурыз айында өз жұмысын бастаған Мәдина Ғазезқызының қайырымдылық дүкеніне аптаның әр күніндегі келушілерден үзілістер болып көрген емес.

Жұмысқа кіріскендігіне екі айдың жүзі болса да, тынымсыз тірліктің нәтижесінде дүкен іші тауарға күн санап толыға түсті. 

Аудан орталығымен ауылдық округтердің тұрғын дары да басы артық, өздеріне қажет болмаса да, өзгенің қажетіне жарамды киімдерін тазалап, әкеле бастады. Тұрғындардан келген дүниелерді сұрыптап, көрнекі жерге орналастыруды Мәдина Ғазезқызы көмекшісі Гүлшара Құдияровамен өз міндетіне алған. 

Еңбектеріне жалақы алмастан, мұқтаж жандарға тегін түрде қажетті тауарларын тауып беру ниетіндегі қызметтерін Мәдина мен Гүлшара қасиетті Ораза айындағы сауапты іске балайды. 
– Мұндағы тауарлар әр түрлі болып келеді. Ерлер мен әйелдердің қысқы, жазғы киімдері, аяқ киімдер, көйлектер, ыдыс-аяқ, үй жабдығы, кілем, төсеніштер, балалар ойыншығы, костюм-шалбар, басқалай да күнделікті тұрмысқа қажеттілер бар. 

Келушілер өздеріне қажеттерін алып, алғыстарын айтып жатады. Телефоныма қоңырау шалып, үйінде басы артық тауары барын, тіпті диван, стол, отырғыш, бар екендігін айтушылар да кездеседі. Ондай ұсыныс иелерінің үйіне арнайы көлікпен барып, сұраныс берушінің мекен-жайына жеткізіп береміз. 

Халық үшін жасалып отырған осынау қайырымдылық шарасына мұрындық болуда, баспасөз, әлеуметтік желілерде жарнамалауда аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Досжан Тайшиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болаттың өзіндік үлестері бір төбе,- дейді әңгіме барысында Мәдина Ғазезқызы риза көңілде.

Отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірген зейнеткер ана Мәдина Хасанованың осынау қайырымдылық ісіне халқы риза.

Аудан орталығында жұмысын сәтті бастаған Мәдина Ғазезқызының тегін дүкеніне отбасындағы басы артық, таза да жарамды дүниелерін жинап, тапсырып жатырғандардың қатарында мекеме басшыларының болуы көңілге жылылық ұялатады.
Ал, Мәдина Хасанованың Орал қаласында тұратын сыныптастары Қанзира Ағеділова, Эльмира Нұрбаева, Гүлнар Мұқанғалиева, жымпитылық Жастілек Жүсіпқалиев халық үшін жарамды дүниелерін жинап, тазалап, арнайы көлікпен дүкенге жолдап отырса, Мәдинаның қаладағы қызы Раушан Алпанова қалалықтардан артық киім-кешектер жинап, 4 кілемді халық қажеті үшін жаратуға ұсынды. 

Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Әлия Нұрманова өзінің дүкенінің сөресінде сатылымда тұрған 7 күртешені қайырымдылық дүкеніне әкеліп тапсырды. 

Дүкен иесі Мәдина Хасановаға қайырымдылық көмек ретінде қаржылай үлесін қосушы кәсіпкерлер қатары, көлігімен жәрдемін беріп, межелі жерге тауарын жеткізуге ниет етушілер тобы да арта түсуде.

Ал, осының бәріне ризашылығын білдіріп отырған Мәдина болса, кәсіпкерлерден түскен қаржы есебінен аудандық мешітті қажетті ыдыс-аяқпен, ауызашарға азық-түлікпен қамтуды да өз міндетіне алып, жүзеге асыра білуде. 

Айтқандайын, қайырымдылық дүкенінің иесі М.Хасанова дүкенге келіп, өзіне қажетін алушылардың қатары күн санап арта түсуде екендігін айтады.

Тіпті, күнделікті келген адамның 10 рет келіп, таңдаулы тауарын, сұрыптап алып кететіндігі кездеседі екен. Міне, орталықтағы тегін дүкенге мұқтаж жандардың оңды көзқарасы сұраныс-талабының артуы деген осы. 

Екі айдың ішінде 900-дей киім-кешек мұқтаж жандарға үлестірілген дүкенде келушілер үшін «Алғыс кітабы» да үстел үстіне қойылыпты. 

Өздеріне қажет заттарын тегін алып, қуанышын, ақжарма алғыстарын айтқандар тізбесі К.Нұрғалиева, Н.Беркінғалиева, Б.Қажмұхамбетова, А.Жұмажанов, А.Марданова, Қ.Қыстаубаев, Б.Жұбаниязов тағы басқалар бола кітапшада жазыла беріпті...

 

Мүсірбек Айташев, 
Сырым ауданы