Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып, өңірде төтенше жағдай жарияланған болатын.

Орын алған оқиғаға қатысты «Nur Otan» партиясының Сырым аудандық филиалы мен «Жас Отан» жастар қанаты, «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен партия филиалы ғимаратында «Арысқа көмек көрсету орталығы» пункті ашылды. Facebook, Instagram, WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы афиша таратылды. Арыс қаласына жөнелтілетін бірінші кезекте қажетті азық-түлік пен тұрмысқа қат бұйымдар қабылданып, жиналды. Сырым ауданының халқы зардап шеккен арыстық ағайындармен бірге қабырғалары қайысып, көмек қолын созуға асықты. 

Гуманитарлық көмек 26 маусымнан басталып, 27 маусым, сағат түнгі 00.00-ге дейін қабылданды. 

«Асар» дүкенінен 20 000, Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі 5 000, жекелеген тұрғындардан 3 000, 2 000, барлығы 30 000 теңге қолма-қол ақша жиналды. Мұның сыртында азаматтар арнайы шотқа да қаржы аударып жатты. 
«Альбина» дүкені 10000 теңгеге азық-түлікпен көмектессе, Талдыбұлақ ауылынан бірнеше қорап тағам, шаруашылық тауарлары жетті. Жымпиты ауылының тұрғындары азық-түлік, ересектер мен балаларға арналған жаңа киімдер әкелді. Алыстағы Арыстағы ағайынға көмектің ішінде ұзақ мерзімге жарамды макарон, күріш, шемекі май, консерві, ұн, печенье, басқа да тамақ өнімдері болды. 

Екі күнде жиналған халықтың аманатын Орал қаласына Сырым аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Нұртілеу Болат пен «Сырым жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәкен Мұса жеткізіп, облыстық орталық мұсылмандар мешітінің алдындағы Түркістан облысына аттанатын жүк көлігіне тиеді. Қораптарға ауданның атауы жазылған эмблемалар жапсырылды. 
Арыстық ағайындарға қайырымдылық көмек Түркістан облысы, Арыс қаласында зардап шеккендерге жәрдем беру «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүргізілуде. Реквизиттері: Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Қызылорда тас жолы, 34А ғимараты, пошта индексі:161200, БСН (БИК) 100440016000. «ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540, БСК (БИК) IRTYKZKA.