Сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» ордені және «Алаш» әдеби сыйлығының және Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Жазушылары Одағы Батыс Қазақстан облысы бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгерееваның халықпен кездесу кеші өтті. 

«Жайықпен жаны егіз Ақұштап» атты кешке белгілі қаламгер, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай, Батыс Қазақстан облыстықмәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев және ақынның жары, ел ағасы Ғабдрахим Жаңбырбаев қатысты.

Кеште Ақұштап Бақтыгерееваның өлеңдері оқылды, сөзіне жазылған «Оралдың ерке самалы!», «Жосалы», «Жеңешем», «Алғашқы көктем» сияқты әндер шырқалды. Десек те, ақынның елмен руханият мәселелері жөнінде болған сұхбаты, ішкі толғанысы халықтың рухани тойынуына жеткілікті болды. 

- Бірінші бақыт – сөз түсіну, сөз тыңдау болып тұр! Ол кімге керек? Ол жас ұрпаққа керек! Сөз түсінгенді - адам, түсінбегенді – мақұлық дейді. – деп бастады сөзін ақын ана халықты сөздің қадіріне ұйытып. Кейінгі әңгімені қазақ қоғамындағы мәселелерге ауыстырды.
- Жолдан көңілсіздеу келдім. Себебі – жолай бұзауын емізген сиырларды көрдім. Сонда қазір ауыл қазағы сиыр саумайды ма? Бұрындары бұзау сиырды еміп қойса, ол отбасы үшін трагедия болатын. Сиыр сауылмаса, қаймақ жоқ, май жоқ деген сөз. Сиыр сауылмаса әйел тәрбиесі, дастархан құты кеміді деген сөз!

Ақұштап ақынның ақын басымен «Қазақтар! Сиыр сауыңдар!» деген сөзін біз елді қазақылыққа, қазақы тұрмысқа жақын болуға үндеуі деп түсіндік. Себебі, қазақы тәрбиенің екі тұтқасы болса бірі – мал шаруашылығы, екіншісі – дастархан емес пе еді? Әуелде Мұстафа Шоқай да Сырдағы елге «Гүл егіңдер!» деген екен. Онысы қазақты еуропалық мәдениетке ұмтылдыру - тұғын. Ақұштап та елдің руханиятына алаңын осындай қарапайым мысалмен жеткізді. 

- Теледидар бізге әкеліп жатыр? Неше түрлі көргенсіздікті қазір теледидар көрсететін болды. Қазір эфирде отбасы құндылығын насихаттайтын сериалдар азайды. Қазақ қоғамының мәселелерін ашық талқылайтын алаңға айналып келе жатқан бағдарламалар жабылды. Олардың орынын, кеудесі мен бөксесін жалтыратқан қыздардың клиптары басты. Манағы бағдарламалардың орынын мүгедектілді бозбалалардың әні басты. Айтатын себептері – рейтинг. Бұл рейтинг емес! Бұл қазақты бұзуға арналған шабуылдық әрекеттер! – деді ақын бүгінгі ақпараттық саясат туралы. 

«Анамын, бөбегін сағынған, Ақынмын жыр болып ағылған» деп жырлайтын ақын ана қыз бала тәрбиесі, әйелдердің бүгінгі қоғамдағы бейнесі туралы айтуды да ұмытпады. 
Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев сөз сөйлеп, қамзол жауып, шарқат байлап, алаштың ақын қызына елдің атынан құрмет көрсетті.