Кеше Жымпиты ауылдық округінің әкімі Қайрат Төлепов аудан орталығының іргесіндегі Өлеңті ауылының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесуге аудан әкімі Абат Шыныбеков және аудандағы сала басшылары қатысты.

Жиналыстың күн тәртібінде округ әкімі Қайрат Төлеповтың 2016 жылы атқарылған жұмыстары жөніндегі есебі тыңдалды. Әкімнің баяндамасынан кейін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Қонысбай Молдағалиев, жұмыспен қамту орталығының директоры Саламат Иманғалиев халыққа ауылшаруашылығын, кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы түсінік берді. 

Өлеңтіліктер өз кезектерінде өзекті деген мәселелер жөнінде пікір – ұсыныстарын айтты. 
Ауыл тұрғыны Айбол Бахитов жоғары оқу орынын аяқтаған жастарға да жұмыс жоқтығын мәселе етіп көтерді. Бұл мәселе тек Айболдың басында ғана емес, ауылдағы, қаладағы жастардың көбінде бар. Билік басындағылар осындай мәселеге тап болған жастарға кәсіптік білім алуды ұсынуда. 

Өлеңті ауылы Өлеңті өзенінің қос бетін жағалай жатқан ауыл. Бергі беттегі ауылдың жағдайы туралы жақсы сөзден басқа ештеңе айта алмаймыз. Ал арғы беттегі ағайынның әкімдергі айтатын мұңы көп. Оларға көгілдір отын да жеткізілмеген. Оларға баратын жолдар да уақтылы тазаланбайды. Бергі беттегі елмен қатынайтын аспалы көпір де жөндеуге зәру сыңайлы. Округ әкімі Қайрат Төлепов бұл мәселелер бойынша жұмыстануды өзінің мойынына алды. Өлеңтіліктер ауылдағы қылмыстық ахуалға да алаңдаулы. Ауыл халқы қылмыстардың ақпараты жариялы болса деп есептейді. 
Есептік кездесудің қорытынды сөзін аудан әкімі Абат Шыныбеков сөйледі.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы