06.08.2019

Бүгін Сырым ауданына қарасты Бұлан ауылында наубайхана ашылды. Бұл - жастар корпусын дамытуға бағытталған «JAS PROJECT » жобасының жемісі.

Ауқымды жоба аясында 1 000 000 теңге қайтарымсыз грант иеленген бірнеше жұмыссыз жас өз кәсібін бастады. Солардың бірі Бұлан ауылының тумасы Темірлан Сағидолла. Темірланның әкесінің сөзіне сүйенсек, ол бала күнінен ауылға наубайхана ашуды армандаған екен. Темірланның арманы алдамай бүгінгі күні өз кәсібін ашып, жұмысын бастап кетті.
Жалпы алғанда Сырым ауданы бойынша аталған жобаға 47 жоба ұсынылып, оның 9-ы грантқа ие болып, өз жұмыстарын дөңгелентіп отыр. Бұл жобаның ерекшелігі сол, 6 ай бойы аз қамтылған, көп балалы отбасыларға қызмет түрі тегін көрсетіледі.
Темірланға бұландықтар дән риза. Олай дейтініміз, ауыл дүкеніне әкелінген нан өнімдері ауылды түгел қамтуға жетіспейтін болса, ендігі кезекте «Шідерті наны» наубайханасының ыстық өнімдерін тұтынатын болдық дейді. Наубайxана нан пісіруге қажетті барлық заманауи құрал жабдықтармен жабдықталған.Ендігі кезекте Темірлан тек нан шығарып қана қоймай, кондитерлік өнімдер шығарып, наубайхана жұмысын кеңейтуді мақсат тұтады және «JAS PRODJECT» жобасы сынды жастарға үлкен мүмкіндіктер сыйлайтын жобалар алдағы уақыттарда да өз жалғасын тапса деген игі тілегін жеткізді.