10.08.19ж

Бүгін Сырым ауданында «Батырлар тарихының сабақтастығы немесе Тайлақ хақында» атты облыстық ғылыми – тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Сырым аудандық мәслихатының хатшысы Шынар Дүйсенғалиева, белгілі тарихшы – ғалымдар Қазыбек Құттымұратұлы, Нұржан Төлепов, Жәнібек Исмурзин, филолог Мұрат Сабыр және Қостанай облысынан келген меймандар қатысты.


Тайлақ Мәметайұлы – ХІІІV ғасырда Батыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген Байбақты руының Күшпен тайпасынан шыққан батыр, би. Моласы Сырым ауданы, Бұлан ауылдық округіне қарасты Жамбыл ауылының сыртындағы Тайлақ қорымында жатыр. Тайлақтың ұлдары Толыбай батыр мен Өгіздің де бейіті осы жерде. Журналист, өлкетану, араб мәтінін танушы маман Қазыбек Құттымұратұлы Тайлақ Мәметайұлының құлпытасын оқып, ол туралы деректерді баспа бетіне ұсынғаннан кейін тарихшылардың Тайлақ тұлғасына назары кәдімгідей ауа бастады. 
Қазақ хандығының тарихында Тайлақ есімді 7 – 8 тұлға болған екен. Солардың бірі Аңырақай шайқасында Кіші жүздің жасағын басқарған - Тайлақ Мәтіұлы. Қостанай өңірінің өлкетанушысы, тарихшы Мырзабай Назарбайұлы Сырым аудандағы Тайлақ зираты жағалбайлының батырына тиесілі деп есептейді. Ал, батысқазақстандық тарихшылар мен ғалымдар Жамбылда жатқан Тайлақ Мәметайұлы екендігін дәлелдейтін нақты дәлелдерге қол жеткізіп үлгерді. Бүгінгі конференцияда тарих ғылымдарының кандидаты Жәнібек Исмурзин Байбақтыдан шыққан би, батыр Тайлаққа қатысты Ресей архивтерінен алынған жаңа деректерді таныстырды.